Jump to content

Топастық жаман болады

From Wikisource

Мәдениеті нашар ел керегін мәдениетті елдерден іздемек, өнер-ғылымды солардан үйренбек. Үйрене алса, ел қатарына кіріп, алға баспақ. Үйрене алмаса, кері кетпек; аза келе, жоғалып бітпек. Бұл заманда мәдениеті артық, өнер-ғылымның туын ұстаған елдер – Еуропа елдері. Мәдениетсіз надан елдер сабақты сол Еуропадан үйренуге тиісті. Түрік елдері де сол Еуропаға қол артуға тиіс. Онсыз ел қатарына кіріп, күнелту мүмкін болмайды. Біздің мәдениетті Осман, Әзербайжандарымыз сол жолға түскен. Олардың бізден артық болып отырғаны – Еуропаға бізден гөрі бұрынырақ қатынасып, сабаққа бізден бұрын кіріскеннен. Осман, Әзербайжандардың бізден кәсібі артық, әдебиеті де бай, мектептері де ілгері, ғылым кітаптары да көп. Түрлі пәндердің қандайынан да бұлардың өз тілінде жазылған кітаптары бар. Бұлар қандай пәнді де өз тілдерінде тексеріп, оқи алады. Сөйтсе де өз тілдері тақырыпты жүйелі ғылым шығара алмай отыр. Мұның себебін біз бұлай жоримыз: Осман, Әзербайжандар Еуропаның даяр ғылымын алған. Еуропа тіліндегі ғылым кітаптарын өз тілдерінде аударған. Еуропа тіліндегі даяр ғылымдардың ішінде түрік тілі, түрік шежіресі сықылды пәндер жоқ. Сондықтан сабақты Еуропадан үйреніп, Еуропаның шайнап бергенін ғана жеп дағдыланған түріктер түрік тілі, түрік шежіресі сықылды шикі асты өзі шайнау түгіл, пісіруге де қолынан келмеген.

Мәдениеті төмен елде өзгеше топастық болады. Бұлар ілгері елдердің қатарына кіріп болмай, өз бетімен ештеме істей алмайды. Алдында бір қара болмаса, дағдарып қалатын қарашыл ат сықылды бишара болады. Өзін үлгіге алған өнерлі елден басқа ешкімге сенбейді де, менсінбейді де, өзіне де сенбейді, өзін де менсінбейді. Бұл күй бір кезде орыста да болған. Ол кезде орыс та сондай бишара еді. Сол кезде орыстың өз ішінен Ломоносовтар сықылды қолтума данышпандары да болған. Ломоносов заманындағы Еуропа данышпандарының ешқайсысынан да кем болған жоқ еді. Бірақ ол кезде Еуропаға ғана мүлгіп үйренген ел (орыс) өзінің Ломоносовын бағалай алған жоқ.

Еуропаға тезірек жуықтау үшін мұндай топастықтың бізге пайдасы болуы да мүмкін: Еуропаның білгенін біліп алсақ, бізге сол да аз болмайды. Өз арамыздан шыққан Ломоносовтарымыз болса, түбінде олар да далада қалмас. Еуропа сабағына шұғыл болсақ, топастықтың онша кемшілігі бола қоймас. Бірақ біздің топастығымыз асқынып бара жатыр. Топастықтың шегі «қаланнаби ғалайссалам» болса, біз оған да жеттік. Біз айтқан, жазған сөздерімізді өз ақылымызбен қисындыруды мүлде қойып, тек «қаламен» ғана сипаттайтын болдық. Бізге «қала» болса болғаны, соған тұрамыз. Оған шек келтіруге батылдығымыз бармайды.

Біздің қазақ Еуропаға бет алғаны жаңада ғана. Қазақтың онан бұрынғы беталысы Еуропа емес, күншығыс еді. «Қаланнаби ғалайссалам» айтты, пайғамбар ғалайссаламды ғана дәлел қылу біздің сол күншығысқа табынған заманымызда бар еді. Енді тура жолға түсіп, бетімізді жаңа ғана түзеп алып отырғанда тағы да сол «қалаға» қамалуымыз көңілді іс емес.

Оқушыға мысал үшін Нәзірдің «Жаңа әліпби неге керек?» деген кітабын ұсынамын. Нәзір кітабында өзін барып тұрған Еуропашыл қылып көрсетеді. Жаңа пікір, жаңа жолға топастық қылып түсінбей жүрген ескішілдермен айтысады. Нәзірдің түсіндіруінше: Нәзір қазақтың Ломоносовы да, оған қарсы кісілер ескішілдер, топастықпен оның қадірін білмей жүр. Сөйтсе де Нәзір оған қажымайды, өзін былай жұбатады:

...«Бұл әліпбиді алмаймыз. Алсақ жұрт түсінбей, жатырқап қалады, үркіп кетеді дегендер де болған екен» деп 20-50 жылдан соң жұрт таңырқап сөйлер. Бірақ не болғанда да қазіргі заманда жаңа әліпби үшін күйіп, таласып жүргендерді жұрт жақсы атпен жаттар», – дейді. Сөйтіп отырып, Мағжан, Сәкен, Елдестерге «надансың, топассың, дүниеден хабарсыз, Марстан жаңа түскенсіңдер» деп ұрсып отырып, кітабы мен өзінің топастығын, өзінің надандығын, соқырға таяқ ұстатқандай ыспаттап көрсетеді. Нәзір (кітабындағы сөздеріне қарағанда) қазақ арасына Марстан емес, Құдай білсін қайдан екенін, тіпті түспеген кісі сықылды. Кітабында «Лениннің сөзін дәлелге келтірдің» деп Қошкеге ұрсады. Өзінің дәлелге келтіріп отырған сөздері мырза Ширази «Иран патшаларының тұқыманан Принц Ризахан», Мұхтар паша, Сүлеймен қатыны сықылды артықша беделді кісілер ғана. Бұл не? Айла ма, әдіс пе? Я құр демеукөк пе? Бұл қазақ ішіне түсінбегендік. Қазақ надан екені рас. Бірақ жалпы бұқара Нәзір ойлағандай топас емес. Бұқара Ширази, Ризахандардың сөзіне құдайдай нанып, Лениннің сөзі дегеннен шошып кетеді деп білу – қазақты мүлде білмегендік, қазақ ішіне түсінбегендік. Топастықтың шегіне жетіп отырған – біздің оқығандырымыз. Елдегі бұқара ақыл мен қисындырған дәлелден басқаға қанағаттанбайды. Шариғат жолы, әулие сөзі сықылды дәлелсіз құрғақ сөзбен бұқараны аузыма қаратамын деу – қазақты білмегендік.

Қазақ тілінің заңдары басқа түріктерге қарағанда жете тексерілген деуге болады. Қазақ тілінің жазу ережелері дыбыс жүйесі жағынан мінсіз деуге де болады. Жеңілдікке қалғанда біздің жазу ережелеріміздей жеңіл ереже аспанның астында жоқ. Нәзір жолдас қазақша әліпби шығарамын деп отырып, тым болмаса, сол жеңіл ережелерді үйреніп ала алмаған. Оны үйреніп алу үшін Ахметтің «Тіл – құралдарын» оқып шықса да болады ғой. Бірақ Нәзір оны керек қылмаған көрінеді. Кім білсін, өзі айтқандай оқымаса да болады деп білетін болар. Сөйтіп отырып, жазуды емле жағынан түзету ісі әлі біткен жоқ дейді. «Екен» мен «деп» екеуі екі сөз екенін білмей отырып, қазақша емленің не күйде екенін сөз қылмаса да болатын еді ғой. Айнала келе өзінің тіл, емле сықылды мәселелерді менсінбейтінін ыспаттайын деген болса керек. Нәзірдің өзі айтқандай мұнан да қызығы бар.

Қожахметұлы Ш., 1925 ж.