Jump to content

Сәтемір хан

From Wikisource

Ыбырай Алтынсарин

Сәтемір жеті жасар күнінде атасынан жетім қалыпты. Күндердің бір күні Сәтемір далада ойнап жүріп, бір ескі тамның түбінде шаршаған соң сүйеніп, жан-жағына қарап жатса, бір аяғы ақсақ құмырсқа тамның төбесіне қарай өрмелеп барады да, орта шеніне барғанда құлап түседі, тұра салып тағы да өрмелейді, манағыдан гөрі жоғарырақ барғанда тағы құлап түседі. Үшінші рет құмырсқа және тырмысады; ақыры бар күшін салып, қисая-мисая барып, тамның төбесіне шығып кетеді. Мұны көріп Сәтемір ойға қалды: құдайтағаланың жаратқан жан-жануарының ең кішкентайы осы құмырсқа-екеш құмырсқа да тынбай жұмыс жасап жүр, сонда да қоймай, ақырында мұратына жетті; тамның басына шықты; мұны көріп отырып менің де талап іздемей, жұмыссыз ойнап жүргенім ақылсыздық екен деп ойын тастап, қалаға барады.

Қалада бір зор білімді, оқымысты молда[1] бар екен, соған үй сыпыруға жалданып, ақысына оқу оқыпты-мыс. Ақырында сол Сәтемір асқанда данышпан, айдай әлемге патша болған.

  1. Оқымысты молда — оқымысты ғалым деген мағынада.