Jump to content

Патша құдай, сыйындым

From Wikisource

Абай Құнанбайұлы

Патша құдай, сыйындым
Тура баста өзіңе.
Жау жағадан алғанда,
Жан көрінбес көзіме.
Арғын, Найман жиылса,
Таңырқаған сөзіме.
Қайран сөзім қор болды,
Тобықтының езіне.
Самородный сары алтын,
Саудасыз берсең алмайды
Саудыраған жезіне.
Саудырсыз сары қамқаны,
Садаға кеткір сұрайды
Самарқанның бөзіне.
Кеселді түйін шешілсе,
Көрдең мойын кесілсе,
Келмей кетпес кезіне.
О да - құдай пендесі,
Түспей кетер деймісің,
Тәңрінің құрған тезіне?