Jump to content

Көк тұман — алдыңдағы келер заман

From Wikisource

Абай Құнанбайұлы

Көк тұман — алдыңдағы келер заман,
Үмітті сәуле етіп көз көп қадалған.
Көп жылдар көп күнді айдап келе жатыр,
Сипат жоқ, сурет те жоқ, көзім талған.

Ол күндер — өткен күнмен бәрі бір бәс,
Келер, кетер, артына із қалдырмас.
Соның бірі — арнаулы таусыншақ күн,
Арғысын бір-ақ Алла біледі рас.

Ақыл мен жан — мен өзім, тән — менікі,
"Мені" мен "менікінің" мағынасы — екі.
"Мен" өлмекке тағдыр жоқ әуел бастан,
"Менікі" өлсе өлсін, оған бекі.

Шырақтар, ынталарың "менікінде",
Тән құмарын іздейсің күні-түнде.
Әділеттік, арлылық, махаббат пен —
Үй жолдасың қабірден әрі өткенде.

Малға сат, пайдаға сат қылығыңды,
Ылайла ылай оймен тұнығыңды, —
Сонда өмірден алдамшы бола алмассың,
Ол білдірмей ұрламақ қызығыңды.

Адам ғапыл[1] дүниені дер менікі,
Менікі деп жүргеннің бәрі Оныкі.
Тән қалып, мал да қалып, жан кеткенде,
Сонда, ойла, болады не сенікі?

Мазлұмға[2] жаның ашып, ішің күйсін,
Харекет қыл, пайдасы көпке тисін.
Көптің қамын әуелден тәңірі ойлаған,
Мен сүйгенді сүйді деп иең сүйсін.

Көптің бәрін көп деме, көп те бөлек,
Көп ит жеңіп көк итті күнде жемек.
Ғадәләт[3] пен мархамат[4]— көп азығы,
Қайда көрсең, болып бақ соған көмек

Әркімнің мақсаты өз керегінде,
Біле алмадым пысығын, зерегін де.
Саяз жүзер сайқалдар ғапыл қалар,
Хақиқат та, дін дағы тереңінде.

Ескертпелер

[edit]
  1. Ғапыл (арабша) — қапы қалу, байқамау.
  2. Мазлұм (арабша) — зұлымдыққа ұшыраған адам.
  3. Ғадәләт (арабша) — әділет, шындық; рақым, жақсылық
  4. Мархамат (арабша) — ашушылық.