Асқар таулар аңызы
- (Эдгар По әңгімесі, аударған Бекмырза Баймаханов)
1827 жылдың, күзінде, Виргиния штатындағы Шарлоттсвилл маңында біраз уақыт тұрған кезімде мистер Огетес Бедлоумен танысқан едім. Ол өзі барлық жағынан тамаша жігіт болатын, со себепті менің ынта-ықыласымды аударып, өзіне мені баурап алды. Оның сыртқы сымбаты да, рухани бейнесі де — екеуі де маған сырын алдырмас тұңғиық болып көрінді. Мен оның семьясы туралы да жөнді ештеңе біле алмадым. Қанша әлектенсем де оның қайдан келгені белгісіз боп қалды. Мен оны «жас жігіт» деп ағай тұрсам да. тіпті соның жасының өзі маған жұмбақ болатын. Әрине, түріне қарасаң жап-жас болып көрінетін, әдетте өзінің жастығын үнемі көлденең тартып отыратын, алайда кейбір сәттерде ол маған кемінде жүз жасаған қартамыс жандай болып көрінуші еді. Бірақ оның сырт тұрпаты әрқашан қайран қалдырады. Ол өзі сорайған ұзынтұра әрі тыриған арық еді. Үнемі жауырыны күржиіп, бүкшиіп жүреді, маңдайы — кең, сәл тайқылау келген Жүзі — құдды балауыз тәрізді сұп-сұр. Аузы — жайын ауыз, үлкен әрі үнемі жыбырлап тұрушы еді, тістері бүтін, мықты бола тұрса да, керемет қисық болатын, ондай ойқыш-ойқыш тісті мен өзге тірі пендеде сірә көрген емеспін. Әйтсе де түр-түрпатына қарағанда, күлкісін көңіл айнытарлық деуге әсте болмайды, бірақ сонда да ол сарсылған сары уайымның, айықпас зарығудың айтатындай қалпынан айнымаушы еді. Оның көзі әдеттен тыс үлкен, құдды мысықтың көзіндей дөп-дөңгелек. Мысық тұқымдастардың бәрінде байқалатындай оның жанары да жарық күшейсе немесе азайса бір үлкейіп, бір кішірейіп, құбылып тұрушы еді. Әлденеге толқып, қызбаланған сәтте жанары айрықша жалт-жұлт етіп шағылысқандай да емес, кәдімгі шамнан немесе күннен тараған шұғыладай арайлы сәуле шашатын; әйтсе де көбіне жанары өлген адамның көзіндей салқын, суалған, жансыз болып көрінетін-ді.
Сырт бейнесінің осы ерекшеліктерінен, шамасы оның өзі де өлшеусіз тауқымет тартатын болса керек, өйткені бұл жөнінде өзі де әлдеқалай өкінгендей, ақталғандай сыңаймен айтушы еді, тіпті мұнысы маған алғашқы кезде аса ауыр да тиіп жүрді. Әйтсе де, көп ұзамай бұған бойым үйренген соң бұл ыңғайсыздық та ұмыт болды. Бедлоу маған бұрын өзінің мұндай болғанын, қыр соңынан қалмай қойған невралгияның салдарынан туған ұстамалы дерттің оны айтарлықтай ажарынан айырып, осындай күйге душар еткенін тұралап айтпаса да ишаратпен аңғартқысы келетін сияқты. Өзін ұзақ жылдар бойы жасы жетпістен аспаса, әсте кем емес, фамилиясы Темплтон деген қарт дәрігер емдесе керек және оған алғаш рет Саратогте тұрған кезде көрінгенге ұқсайды, содан кейін науқасынан айыға (әлде айықтым деп ойлаған да болар) бастапты. Осыдан кейін барып аса дәулетті адам болғандықтан Бедлоу дәрігер Темплтонға жыл сайын қомақты ақы төлеп тұруға уәде береді, ал Темплтон болса өзінің барлық уақытын, дәрігерлік тәжірибесін енді соған арнауға ұйғарды.
Доктор Темплтон жас кезінде көп саяхат жасайды, Парижде Месмер доктриналарының жақтаушысы болады, ол тек магнитті құралдарды ғана қолданып, өзі емдеп жүрген талай адамдарды сырқаттың ауыр азабынан құтқарады, сондықтан да осы құралдар туғызған идеяға Бодлоу да бой ұрады. Алайда доктор барлық энтузиастер сияқты өзі емдеп жүрген адамды соның ақиқаттығына иландыруға мейлінше тырысып бақты, бұл ретте оның жолы да болды, азап шеккен әлгі байғұс әртүрлі тәжірибе жасауға көнді. Міне сол тәжірибені үнемі қайталаудың нәтижесінде қазір кәдімгі дағдылы іске айналдырған, енді бұрынғыдай емес жұрттың назарын аударудан қалған кәдімгі қайталанбас ғажап әдіс пайда болған еді, бірақ осы мен жазып отырған кезде ол Америкада әлі мүлдем белгісіз болатын. Бұл арада мен доктор Темплтон мен Бедлоудың арасында айтарлықтай айқын әрі берік магниттік байланыс орнады дегім келеді. Бірақ мен бұл байланыс кәдімгі еріксіз ұйықтату өктемдігінен асып кетті деген пікірден аулақпын, алайда сол өктемдіктің өзі де ғаламат күшке ие болды. Месмеристің адам бойында магнитизм ұйқысын қоздыру жөніндегі алғашқы тәжірибесі сәтсіз аяқталды. Бесінші ме, әлде алтыншы ма жасаған әрекеті ғана ептеп нәтиже берді, бірақ соның өзіне қисапсыз көп қиындықтың ауыр азаптың арқасында барып қол жетті. Тек он екінші тәжірибе ғана айтарлықтан сәтті болды. Әйтсе де көп ұзамай дәрігер науқасты мүлдем ырқына көндіріп, еркіне бағындырып алды, мен сол екеуімен танысқан кезімде науқас дәрігердің қасында отырғаннан бейхабар болған кездің өзінде де ол оны ұйықтатып тастай алатын дәрежеге жеткен еді. Тек қазір 1845 жылы, ондай ғажап істер мыңдаған адамдардың көз алдында жасалып жағатын болған кезде ғана менің бір қарағанда әсте мүмкін емес сияқты болып көрінетін нәтижелі нәрсені ақиқат дәлел ретінде қағаз бетіне түсіруге батылым барып отыр.
Бедлоу табиғатынан аса сезімтал, елпілдеген, елгезек жан болатын. Ол өзі қажырлы, творчестволық қабілеті күшті адам еді, әрине, Бедлоу ішетін, ішкенде көп ішетін, тіпті ішпесе тұра алмайтын, апиын да оның бойына қосымша күш-қуат беретіні дауасыз-ды. Күнде таңертең — азанғы астан кейін — дәлірек айтқанда, бірі шыны аяқ қою қара кофеден кейін едәуір мөлшерде апиын ішу оның дағдысына айналған-ды, өйткені түске дейін ол басқа нәр татпайтын, содан кейін барып жалғыз өзі, әйтпесе тек итін ғана ертіп, Шарлоттсвиллдің батысы мен шығысын алып жатқан, жергілікті халық «Асқар таулар» деп айрықша ілтипатпен атап кеткен құлазыған белес-белес сүреңсіз төбелерді аралап, серуендеуге шығатын.
Бірде Америкада «индейцтер жазы» деп аталатын маусымның ғажап бір аралығына жататын ноябрьдің аяғында бұлыңғыр, жылы да тұманды күні таңертең әдеттегіше Бедлоу төбе жаққа қыдырып кеткен еді. Күн еңкейіп, оңтүстікке қонса да ол қайтып орала қоймады. Ол тым кешіккен соң көңіліміз қобалжып, біз кешкі сағат сегіздердің шамасында енді іздеуге аттанғалы жатқанымызда оның өзі келіп қалды,— денсаулығы әдеттегіден жаман емес, бірақ ол тым толқулы екен, мұндай жағдай онда онша бола бермейтін. Өзінің саяхаты жөнінде, өзін бөгеп қалған оқиғалар жөнінде оның айтқандары шынында адам нанғысыз болатын.
— Менің Шарлоттсвиллден азанғы сағат тоғыздар шамасында кеткенімді өздеріңіз білесіздер,— деп бастады ол сөзін,— мен бірден тауға тарттым, содан сағат онда бұрын өзім көрмеген бір аядай жазық алқапқа тап болдым. Оның бұралаң бұрылыстары қайран қалдырды. Алдымда жатқан алқапты ғажап деп айту әрине қисынсыздау болар, әйтсе де оны ауызбен айтып жеткізуге болмайтын айрықша сипатын — мен оны, тіпті, тамаша сипаты деген де болар едім,— мелшиген меңіреулігі дер едім. Сол алқаптың қу мелшиген меңіреулігі оның жан баспаған тылсымдығына мегзейтін тәрізді, сонда маған мына жасыл кілем мен сұрғылт тастарға сірә менен бөтен адамның табаны тимеген болар деген тосын ой келді. Алаң қойнауда, қалтарыста, оған бару да қиын, оған тек әлдеқалай кездейсоқ жағдайда ғана тап боласың әділін айтсақ, оған алғаш аяқ басқан — оның құпиясын ашқан ержүрек жан мен болсам керек.
Көп ұзамай алаңды тек индейцтер жазына ғана тән кіреуке тұман құшағына алды, сол себептен де айнала бұрынғыдан да бетер бұлыңғырлап, бұлдырай тусті. Жанға рақат, сол тұманның қоюлығы сондай, тіпті мен кейде алдымдағы он ярда жердегі затты анық айыра алмадым. Тілдей жазық алқап тым бұралаң болатын, күн бұлыңғыр тұманға барып кірді де, мен көп ұзамай өзімнің қайда кетіп бара жатқанымды бағдарлаудан қалдым. Оның бер жағында әдеттегідей апиын әсер ете бастады, айнала қоршаған дүниенің бәрі маған енді ерекше ғажап болын көрінді, жапырақтың сыбдыры, шөп сабағының реңі, үш жапырақтың бітісі, шықтың жылтылы, желдің лебі, орман жақтан соққан самал себелеген хош иіс — осының бәрі әлденеге ишарат ететіндей, осының бәрі шым-шытырық қисапсыз қызықты ойдың думанды дүрмегіне айрықша нәр бергендей. Сол думанды ой дүрмегінің құшағында мен бірнеше сағат жүрдім, ал тұман болса, барған сайын қоюлана түсті де ақыр аяғында, тұп-тура қолмен сипалап жүруге тұра келді. Осы кезде менің бойымды жүйкенің жасқаншақтығы мен үркектігінен туған ауызбен айтып болмас сұмдық үрей биледі. Қозғалдым дегенше аяғымның астынан түпсіз шыңырау тап болады екен деп қорыққандықтан бір адым аттап басудан қалдым. Оның үстіне осы Асқар таулар жөнінде, солардың сыңсыған қалың тоғайы мен үңгірлерінде тіршілік ететін мейрімсіз тағы адамдар туралы айтылып жүрген құбыжық оқиғалар ойыма қайта-қайта орала береді. Мың сан бұлдыр қиялдар — өзі бұлдыр болғандықтан да еңсеңді басатын қиялдар жанымды жегідей жеп, бойымды билеген үрейді үдете түсті. Кенет төңіректі дүбірлеткен даңғыра дабыры назарымды аударды.
Әрине, мен бұған қайран қалдым. Мына таулар бұрын әсте даңғыра дауысын естіген емес. Егер мен жебірейіл кернейдің үнін естісем дәл мұндай әсте таңданбаған болар едім. Алайда көп ұзамай менің бұрынғыдан жүз есе артық таңғалуыма тұра келді — кенет әлдекім бір құшақ кілт тізбесін сілкілегендей құлақ жара салдыр-гүлдір ете қалды, соның ізінше қас қағымда менің қасымнан денесі күнге күйіп тотыққан жалаңаш біреу жүгіріп өте шықты. Зырлаған бойы жанымнан жанай өте шыққанда ыстық демі менің бетімді шарпып кетті. Бір қолына көтерген толып жатқан болат шеңберден құрастырылған аспабын жол-жөнекей салдырлата сілкілейді. Ол бұлдыр тұман құшатына кіре берген кезде артынан аузын арандай ашып, екі көзінен от шашып бір алып жыртқыш арсылдап шыға келді. Мен оны айтпай таныдым — қорқау қасқыр!
Әлгі құбыжықтың түрінен менің үрейім ұшқан жоқ, қайта ол есімді жиюға себепші болды, өйткені мен енді өзімнің қисынсыз қиял құшағында екенімді білдім, содан кейін қалайда ес жиюға тырыстым. Мен енді неде болса қаймықпай, тура алға тарттым. Ауық-ауық көзімді сүртіп қойдым. Мен бар дауысыммен айқай салдым. Мен өз қоңымды өзім бірнеше мәрте шымшып та алдым. Сылдырап аққан бұлақты көріп, соған қолымды салып, басыма, мойныма су құйдым. Содан кейін барып, еңсемді езген дел-салдық ептеп сейілейін деді. Денем сәл сергіп, орнымнан тұрдым да, таңғажайып сапарымды асықпай одан әрі жалғастыра бердім.
Ақыры жаяу жүрістен, тынысты тарылтқан қапырық ауадан әбден қалжырап, бір ағаштың түбіне келіп дем алуға аялдадым. Көп ұзамай селдір тұман арасынан күн сәулесінің әлсіз жарығы көзге шалынды да шөп бетіне ағаш жапырақтарының айқын көлеңкесі тусті. Сол көлеңкелерден көз алмай мен таңырқап қарап ұзақ отырдым. Олардың түрін көргенде шынымен абдырап, есім шытып кетті. Мен басымды көтеріп, жоғары қарадым. Бұл пальма ағашы болатын!
Абыржығаннан орнымнан атып тұрдым, өйткені мен енді қиял құшағындамын деп өзімді әсте иландыра алмадым. Мен анық көріп тұрмын... мен өзімнің барлық сезіміме ие екенімді түсіндім — сол сезімдер енді менің көз алдыма жаңа бір ғажап сезімдер дүниесінің есігін ашқандай болды. Кенет жан төзгісіз ыстық болды. Самал жел төңірекке ғажап бір жұпар иіс себелейді. Менің құшағыма осы маңнан құдды бір суы мол момақан өзен атып жатқан сияқты сыбыс талып естіледі, сол сыбысқа көп адамның дауысы ұласып жатқандай.
Соған аузымды ашып, аң-таң болын тыңдап отырғанымда, кенет әп-сәтте ышқына соққан жел сиқыршының өміріндей лезде тұманды ыдыратып жібергенін тәптіштеп айтып жатпай-ақ қояйын.
Мен өзімнің асқар таулар бауырында отырғанымды сонда білдім, қарсы алдымда кесілген кең жазира жазық, оның өн бойын көктей өткен мол сулы момақан өзен шіреніп атын жатыр. Оның жағасына бір араб ертегілерінен оқитын кәдімгі Шығыс қалалары сияқты, тіпті олардан, бәрінен де анағұрлым асып түсетін қала орналасқан. Қаланың төбесінен төнген мен тұрған мына биіктен құдды оның жобасына қарағандай қаланың көзге көрінбес түкпір-түкпірінің өзі алақанға салғандай көз алдына келеді.
Қисынсыз қиылысқан қисапсыз көшелер жан-жаққа жамырай тарап кетіп жатыр, тіпті әділін айтсақ, солардың өзі көше де емес, тек құжынаған жүргіншілер құртша қайнаған қуықтай тар соқпақтар деуге болады. Үйлердің әртүрлі әшекейлеп салынғаны қайран қалдырды. Төңірек толған балкондар, верандалар, мешіт ғимараттары, ғибадатхана, ою-өрнекті темір тор орнатылған дөңгелек терезелер. Базардағы үйіліп жатқан түрлі асыл заттар — жібектер, бәтестер, пышақтар мен қанжарлар, тамаша асыл тастар мен інжу-маржандар, халықты еріксіз өзіне тартқандай, қайда қарасаң да, үлде мен бүлдеге орнаған ардақты аруларды отырғызып көтерген қолкүймелерді, зембілдер мен айшықты жалауларды, кестелі жабу жабылған пілдерді, ұсқынсыз тастан қашалып жасалған пұттарды, даңғырлаған барабандарды, туларды, даңғыраларды, найзаларды, күміс және алтын гурзілерді көресің. Осы сапырылысқан қалың тобырдың арасында, қалай болса, солай шатасып, бытысып жатқан иір-иір тар көшелердің бойымен сәлделі, мол киімді, бұйра-бұйра қауға сақалды қоңыр түсті, сары түсті адамдар ортасында сансыз көп діни ғимараттар бейнеленген лента тағынғандар да сенделіп жүр, ал қаптаған еңгезердей лас та киелі маймылдар болса, мешіттердің қабырғасында терезелері мен текшелерінде асыр салып ойнауда. Халық толы көшелерден өзен жағасындағы суға шомылып, шайынатын тұсқа дейін ұзыннан-ұзақ баспалдақ созылып жатыр, ал өзеннің өзі болса айдынын көзден жасырын тұрған ауыр жүк тиелген қаптаған қалың кемелер арасынан қысылып-қиналып зорға ағып жатқан сияқты? Қала сыртында көкпен таласқан кокосты және басқа да пальмалардың өзге де ғаламат биік те жуан ағаштардың жасыл шатырлары қаз-қатар тізіліп қалыпты. Ана жерден, мына жерден күріш алқабы, төбесі жапырақпен жабылған шаруа лашықтары, тоған су, жалғыз қадақ діни ғимарат, көшпелі цыгандар тобыры, әйтпесе төбесіне құмыра көтеріп керілген, өзен жағасына кербез басып түсіп бара жатқан қыздар көзге шалынады.
Енді сіздер, әрине, мені мұның бәрін түсінде көрді, қисынсыз қиялға берілді дейтін боларсыздар, жоқ мүлде олай емес. Менің көргенім де, менің естігенім де, сезгенім де, ойлаған ойым кәдімгі түске тән бұлдырлық болған жоқ, Көріністердің бәрі түгелдей өңімдегідей логикаға сай болды. Бастапқыда, осы менің көзіме елестеп тұрған жоқ па екен деп күдіктеніп, мен өзімді өзім тексеріп те байқадым, бірақ оның бәрі менің ояу, есімнің дұрыс екеніне көзімді жеткізіп, көңілімді иландырды. Өйткені адам түс көрген кезде, төңіректе болын жатқанның бәрі түс екенін сезеді, міне сол сезіну әманда ақталады, адам сол заматында ұйқыдан оянып кетеді. Міне сондықтан да Новалис: «Біз түс көрген кезде ұйқылы-ояу жағамыз», дегенде шындықты айтқан болатын. Егер менің өзімнің көргендерімнің түс екеніне күдіктенбеген болсам, онда ол сөзсіз түс болған болар еді, бірақ мен оны түс болар деп күдіктеніп, өзімнің күдігімді тексеріп көрген сон, оны басқа бір құбылыс деп санауға тура келеді.
— Сіздің мұныңыз қате болған деп мен айта алмаймын,— деді доктор Темплтон.— Әйтсе де айта беріңіз. Сіз орныңыздан тұрып, қалаға беттедіңіз.
— Мен орнымнан тұрдым,— деді Бедлоу, доктордың жүзіне таңырқай қарап.— Сіз айтқандай мен орнымнан тұрып, қалаға беттедім. Оған бара жатқан жолда әрбір қимылынан толқудың терең ізі аңғарылған тұс-тұстан ағылған адамдарға тап болдым. Осы бір адам ұтып болмас толқудың әсерімен мен де айналада болып жатқандарға айрықша ықылас аудардым. Қалай екенін білмесем де, мен өзімнің үлкен бір іс атқаратынымды сезетін сияқтымын. Алайда айналадағы қаптаған қалың тобырға менің ызам келді. Мен олардан бөлініп шығып, басқа жолмен лезде қалаға келіп жеттім. Онда ғаламат толқу, қырқыс болып жатыр екен. Жартылай үндістерше, жартылай европалықтарша киінген солдаттардың шағын отряды британдықтардың мундиріне ұқсас мундирі бар офицерлердің қолбасшылығымен саны жағынан әлдеқалай да көп қаланың қарапайым тұрғындарының шабуылына тойтарыс беріп жатыр. Мен әлсіздер жағына қосылдым, кімге қарсы екенін білмесем де өлген офицердің біреуінің қаруын алып, соғысқа түстім, шарасыздықтан бұған өшпенділікпен өршелене шайқастым. Бірақ біз тым аз едік, көп ұзамай павильонға ұқсаған бір үйге барып тығылдық. Сонда бекініс жасап, біраз уақыт дем алып, ес жидық. Күмбез астындағы ойықтан мен елірген есірік тобырдың өзен жағасында сәнді сарайды қоршап алып, шабуылға шыққанын көріп тұрдым. Көп ұзамай осы сарайдың жоғарғы қабатындағы терезелердің біреуінен әлпештеліп өсірілген бейтаныс адамның бейнесі көрінді, ол өз жақтастарының сәлдесінен есілген арқанмен төмен түсе бастады. Түскен бойда оған қайық жеткізілді, ол өзеннің арғы бетіне қарай жүріп кетті.
Сол сәтте менің жан дүниемді жаңадан жігер биледі. Мен оларға қысқа да өктем үндеу тастадым, олардың кейбіреулерінен қолдау тауып, бір ерлік қимыл жасауға ұйғардым. Павильоннан шығып, оны қоршаған қалың тобырға тұтқиылдан тап бердік. Алғашқыда мұны күтпеген жау кейін серпілді де, артынша есін жиып алған соң бізге өршелене ұмтылды. Сөйтті де ізінше шұғыл кейін шегінді. Бұл кезде біз бірақ, павильоннан аулақтағы үстіңгі қабаттары түйісіп, әсте күннің көзі түспейтін жалғыз аяқ жолдай тар көшеге тап болған едік. Қала тобыры найзаларын кезеніп, садақпен атқылап, бізді қоршап алды. Жебелері бір түрлі олардың иір-иір болып келетін малайлықтар жебесінің жүзіне аздаған ұқсастығы бар. Олар ирелеңдеген жылан сияқты боп жасалған. Олар — ұзын түсі қоңыр, ұшы уланған. Сондай жебенің біреуі менің оң жақ самайыма келіп қадалды. Мен теңселіп барып, құладым. Сол сәтте басым айналып, жүрегім айныды. Тұла бойым тырысып қалды... алқынып, жан тәсілімге келдім... мен өлдім.
— Сіз бастан кешкендеріңіздің бәрін енді түс емес деп айта алмайтын шығарсыз,— дедім мен күле сөйлеп.— Сіз өзіңізді өлімін деп өзгені иландыруға әлектенбейтін боларсыз деймін?
Осыны айта тұрып, мен, әрине, Бедлоу да маған әзілдеп жауап қатар деп ойладым, бірақ, бір ғажабы; тілі күрмеліп, қалш-қалш етіп, шүберектей әппақ болып кетті де, ол тіс жарып, тіл қатпады. Мен Темплтонға қарадым. Ол қалшиып қатып қалған тәрізді, тісі-тісіне тимейді, ал көзі ұясынан шығып кеткені.
— Айта беріңіз! — деді ол ақырын қырылдап Бедлоуға қарап.
— Бірнеше минут менің бойымды билеген бірден-бір сезім, тек түпсіз түнекті, өзімнің өлгенімді сезіну ғана болды,— деді ол сөзін сабақтап.— Сонан соң кенет электр тоғындай бір күш менің жан дүниемді сілкіп жіберді. Сонымен бірге ол серпін мен сәуле сезімін оятты, бірақ мен ол сәулені көре алмадым, тек сездім. Сол сәтте мен жер бетінде ұшып жүрген сияқты болдым. Бірақ мен оның тәніммен, көзіммен көріп, құлағыммен естігендей, әйтпесе дәмін білетіндей мәнін сезіне алмадым. Тобыр тарады. Дүрбелең басылды. Қалада біршама тыныштық орнады. Төменде, астымда өз мүрдем жатыр — самайына жебе қадалған, басы гүл болып ісіп кеткен, көргенде адамның зәресі ұшады. Бірақ мұның бәрін мен сезсем де көзіммен көргенім жоқ. Мені ештеңе де қызықтырмады. Тіпті, әлгі мүрденің де маған қатысы жоқ сияқты. Еңсемді бірдеңе езіп тұрғандай, әйтсе де әлдебір күш қимылдауға итермелегендей, мен өзім осында келген бұралаң жолмен қаладан ұшып шығып кеттім. Өзім қорқау қасқырды көрген жерге жеткен кезімде, құдды гальваникалық батареяға тиіп кеткендей мен қайта селк ете қалдым, салмақты, ерікті, ағзаны сезіну қабілеті бойыма қайта оралды. Бастапқы қалпыма түскен бойда мен дереу үйге қарай беттедім, бірақ басымнан кешкен жәйттер сол баяғы күйінде өзінің айқындығы мен ақиқаттығынан әсте айрылған жоқ, тіпті қазір, осы сәттің өзінде соның бәрін көрген түс еді дегенге өзімді сірә да иландыра алмаймын.
— Жоқ-жоқ,— деді аса бір байыпты салмақтылықпен Темплтон,— әрине сіздің басыңыздан кешкендеріңізді басқаша атауға мүмкін емес. Қазіргі адамның жан дүниесі психология саласындағы ғажап бір жаңалықтар табалдырықтан аттағалы тұрғанын пайымдауға ғана болады. Осы пайымдауды қанағат тұтуымызға тура келеді. Қалғанын менің айтып түсіндіруіме болады. Міне мынау акварельмен салынған сурет. Мұны менің сіздерге ертерек көрсетуім керек еді, бірақ солай істегім келсе болды бойымды қайдағы бір үрей билеп алады, оған міне осы ғана бөгет болады.
Біз ол ұсынған акварельге қарадық. Мен одан оғаш ештеңе байқай алмадым, әйтсе де ол Бедлоуға керемет күшті әсер етті. Ол есі ауып, құлауға аз-ақ қалды. Ал мұның өзі бар болғаны — шынында да мейлінше дәл салынған — оның өз бейнесі айнытпай түсірілген портрет қана болатын. Басқаны қайдам, миниатюраға қараған бойда мен өзім солай деп ойладым.
— Акварельде белгіленген жылына қараңыз,— деді Темплтон.— Сонау бұрышында болар-болмас көрініп тұрған — мың жеті жүз сексен деп жазылған сандарды көрдіңіз ғой? Бұл портреттің салынған жылы. Онда менің қайтыс болған мистер Олдебу деген бір досым бейнеленген, онымен Калькутта да, Уоррен Гастингс губернаторлығында жақын таныс болған едім. Ол кезде небәрі жиырма жастағы кезім еді. Мен сізді алғаш Саратогте көрген кезде, мистер Бедлоу, менің сізбен жақын танысып, достасуыма, сондай-ақ өзімнің сізге айрылмас жолдас болуыма, септігі тиген ұсынысты қолдауыма ең алдымен осы портрет пен сіздің соған керемет ұқсастығыңыз себепші болған еді. Бұл ретте, әрине, қайтыс болған марқұм досымның қасіретті қайғысы да әсер етті, әйтсе де бұған сізді көргендегі үрейден де құр емес айрықша абыржу да ықпалын тигізгені сөзсіз. Төбелер арасындағы әртүрлі елестерді айтқанда сіз киелі Ганга өзеніндегі үндістердің Бенарес қаласын бейнелеген болатынсыз. Көшедегі тәртіпсіздік, қалың тобырмен шайқас, отрядтың бір тобының опат болуы мың жеті жүз сексенінші жылы Уоррен Гастингс өлім аузынан қалған Чейх Сингхтың көтерілісінде болған оқиға еді. Есілген сәлделерден жасалған арқанмен түскен адам Чейх Сингх болатын. Павильонға барып тығылғандар Гастингстің өзі бастаған сипайлар мен ағылшын офицерлері. Мен де солардың ішінде едім. Офицерлердің біреуі алды-артын ойламай қоршауды бұзып өтуді ұсынғанда мен оны тоқтатуға тырысып бақтым, бірақ амал қанша, онымнан ештеңе шықпады, ол тар көшелердің бірінде бенгальдықтың улы жебесінен қаза тапты. Ол офицер менің ең жақын доктор досым болатын. Ол Олдебу еді. Мына жазбаларда баяндалғанындай,— доктор таяуда ғана бірнеше беті жазылған дәптерді қолына алды,— сіз төбелердің ортасында қиял құшағында отырған сәтте мен сол оқиғаларды үйде отырып қағаз бетіне түсірген болатынмын.
Сол әңгімеден кейін арада бір айдай уақыт өткен соң Шарлоттевилл газетінде мынадай хабар жарияланды:
«Асқан сыпайы мінезімен, басқа да көптеген абзал қасиеттерімен Шарлоттевилл тұрғындарының жүрегін баурап алған аяулы азамат мистер Огестес Бедлонның қайтыс болғанын біз қайғырып, хабарлап отырмыз.
Мистер Б. соңғы жылдары әлденеше мәрте өміріне қауып төндірген ұстамалы дертке айналған невралгияға шалдығып жүрген болатын, бірақ бұл дертті оның ажалының қосалқы себебі деп санау керек. Оның нағыз себебі шынында да ғажап. Бұдан бірнеше күн бұрын Асқар тауларға саяхат жасаған кезінде марқұмға суық тиіп, сол асқынып, ақыры үрдіс басының қаны тасып кеткен. Науқас қас қағымда қайтыс болады, кейін медициналық сүліктер салынған құтыға әлдеқалай кейде тау бөктеріндегі тоғайларда кездесетін улы қансорғыш түсіп кеткені анықталды. Сол сұмырай қансорғыш оң жақ самайындағы кіші күретамырға жабысып алады. Оның медициналық сүліктен айнымайтындығы сондай, бұл ағаттық тым кеш байқалады.
Ескертпе. Шарлоттсвиллдік қансорғыштың медициналық сүліктен айырмашылығы — оның түсі қара, ең бастысы — ол ирелендеген құдды жылан сияқты болып ирелендейді».
Мен осы бір ғажап оқиға жөнінде шарлоттсвиллдік газетті шығарушымен әңгімелестім, тіпті марқұмның фамилиясы неге «Бедло» болып басталғанын да сұрадым.
— Бұлай етіп жариялануға мүмкін, сіздің бір негізіңіз болған шығар,— дедім,— бірақ мен білгенде оның фамилиясы «у» әрпімен аяқталатын сияқты еді.
— Неге дейсіз бе? — деп қайталап сұрады ол.— Жоқ, ол тек баспахананың ғана қатесі. Шынында марқұмның фамилиясы Бедлоу болын «у» әрпімен аяқталады, мен оның басқаша жазылғанын өмірімде кездестірген емеспін де.
— Олай болса,— деп күбірледім мен кетуге ыңғайланып,— олай болса, шындықтың ойдан шығарылғанның бәрінен де асып түсетінін мойындауға тура келеді: «у» әрпінсіз жазылған «Бедло» — теріс жазылған «Олдеб» деген фамилияның өзі ғой! Ал, ол болса, бұл жай ғана баспахананың қатесі деп мені иландырмақ болады!