Jump to content

Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы

From Wikisource
Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы (1996)
320260Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы1996
Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы

1-ТАРАУ. ЖАЛПЫ ЕРЕЖЕЛЕР

[edit]

1-бап. Реттелетiн мәселелер

Осы Заң санаткерлiк меншiк саласында ғылым, әдебиет және өнер туындыларын (авторлық құқық), қойылымдарды, орындаушылықты, фонограммаларды, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының хабарларын (сабақтас құқықтар) жасауға және пайдалануға байланысты туындайтын қатынастары реттейдi.

2-бап. Осы Заңда пайдаланылатын негiзгi ұғымдар

Осы Заңда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

1) автор - шығармашылық еңбегімен ғылым, әдебиет, өнер туындысын жасаған жеке тұлға;

2) авторлық құқық - автордың жеке мүліктік емес және мүліктік құқықтары;

3) авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық құралы - туындыларға немесе сабақтас құқықтар объектілеріне қол жеткізуді бақылайтын, автор, сабақтас құқықтар иесі немесе өзге де айрықша құқықтар иесі туындыларға немесе сабақтас құқықтар объектілеріне қатысты рұқсат етпеген іс-әрекеттерді жүзеге асыруды болғызбайтын не шектейтін техникалық (бағдарламалық-техникалық) құрылғы немесе оның компоненттері;

4) авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектiсiнiң контрафактiлiк данасы – жасалуы, таратылуы немесе өзгедей пайдаланылуы осы Заңның ережелерiне не Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттардың нормаларына орай авторлық құқықтың және (немесе) сабақтас құқықтардың бұзылуына әкеп соғатын туындының, жазылған орындаушылықтың, фонограмманың, эфирлiк және кәбiлдiк хабар тарату ұйымдары хабарының данасы. Құқық иеленушiнiң рұқсатынсыз құқықтарды басқару туралы ақпараты жойылған немесе өзгертiлген не авторлық құқық пен сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық құралдарын айналып өтуге мүмкiндiк беретiн заңсыз пайдаланылатын құрылғылардың көмегiмен жасалған авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектiлерi де контрафактiлiк болып танылады;

5) авторлық шарт – нысанасы бір немесе бірнеше авторлық құқық объектілерін пайдалануға мүліктік құқықтарды беру болып табылатын шарт. Авторлық шарт лицензиялық шарттың бір түрі болып табылады;

6) айрықша емес құқық - осы Заңда белгіленген жағдайларды қоспағанда, автордың немесе өзге құқық иеленушінің тиісті рұқсатымен басқа адамдардың құқық иеленушімен бір мезгілде туындыны, орындаушылықты, қойылымды, фонограмманы, эфирлік және кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарын пайдалана алатын құқығы;

7) айрықша құқық – автордың және (немесе) өзге де құқық иеленушінің туындыны және (немесе) сабақтас құқықтар объектісін белгіленген мерзім ішінде кез келген тәсілмен пайдалануды жүзеге асыруға, оған рұқсат беруге және тыйым салуға мүліктік құқығы;

8) аккредиттеу - ұжымдық басқару салаларында мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың осы Заңда белгіленген заңды құқықтарын уәкілетті органның ресми тану рәсімі;

8-1) алып тасталды

9) деректер базасы - деректер электронды-есептеу машинасының (бұдан әрі - ЭЕМ) көмегімен табылатындай және өңделетіндей етіп жүйеге түсірілген материалдардың іріктелуі және (немесе) орналасуы жағынан шығармашылық еңбектің нәтижесін білдіретін деректер (мақалалар, есептер, фактілер және басқалар) жиынтығы. Деректер базасы ұғымы оның көмегімен деректер базасының материалдарына электрондық қол жеткізуді жүзеге асыруға болатын ЭЕМ-ге арналған бағдарламаға қолданылмайды;

10) дыбыстау-бейнелеу туындысы - тиісті техникалық құрылғылардың көмегімен көріп және естіп (дыбыспен берілетін жағдайда) қабылдауға арналған өзара байланысты кадрлардың немесе бейнелердің (дыбыспен сүйемелдеп немесе сүйемелдемей) түсірілген сериясынан құралатын туынды. Дыбыстау-бейнелеу туындылары кинематографиялық туындыларды және бастапқы немесе одан кейінгі түсірілу тәсіліне қарамастан, кинематография құралдарына ұқсас құралдармен бейнеленген туындылардың барлығын (телефильмдерді және бейнефильмдерді, диафильмдер мен слайдфильмдерді және сол сияқты туындыларды) қамтиды;

11) дыбыстау-бейнелеу туындысын шығарушы - осындай туындыны жасаудың бастамасы мен жауапкершілігін мойнына алған жеке немесе заңды тұлға. Өзге дәлелдемелер болмаған кезде, осы туындыда есімі немесе атауы белгіленген тұлға дыбыстау-бейнелеу туындысын шығарушы деп танылады;

12) жазу - дыбыстарды және (немесе) бейнелерді техникалық құралдардың көмегімен оларды бірнеше қайтара қабылдауға, қайта шығаруға немесе хабарлауға мүмкіндік беретін қандай да бір материалдық нысанда жазып алу;

13) жалпы жұрттың назарына жеткізу - авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерін көпшілік оларға өзінің жеке қалауы бойынша кез келген жерден және кез келген уақытта (интерактивтік режимде) қол жеткізуді жүзеге асыра алатын сым арқылы немесе сымсыз байланыс құралдарымен хабарлау;

14) жариялау - автордың не авторлық немесе сабақтас құқықтар объектілеріне өзге құқық иеленушінің келісімімен туындының, орындаушылық жазбасының немесе фонограмманың даналарын көпшіліктің орынды қажеттіліктерін қанағаттандыратын мөлшерде көпшілікке ұсыну;

14-1) интернет-ресурс – аппараттық-бағдарламалық кешенде орналастырылатын, бірегей желілік адресі және (немесе) домендік аты бар және Интернетте жұмыс істейтін, мәтіндік, графикалық, аудиовизуалдық немесе өзге де түрде бейнеленетін электрондық ақпараттық ресурс;

15) кәбіл бойынша жалпы жұрттың назарына хабарлау - туындыны, фонограмманы, орындаушылықты, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдары хабарын жалпы жұрттың назарына кәбіл, сым, оптикалық талшық арқылы немесе соған ұқсас құралдардың көмегімен хабарлау;

16) көпшілік алдында орындау - туындыны мәнерлеп оқу, ойнау, билеу немесе қандай да бір өзге жолмен, соның ішінде техникалық құралдардың көмегімен отбасы мүшелері болып табылмайтын адамдар болатын немесе болуы мүмкін орындарда орындау;

17) көпшілікке көрсету - туындының түпнұсқасын немесе данасын тікелей немесе слайд, кино-, телекадр түрінде экранда, басқа кез келген техникалық құралдың көмегімен немесе кез келген өзге әдіспен (дыбыстау-бейнелеу туындысына қатысты - олардың реттілігінен тыс жеке кадрларды көрсету) отбасы мүшелері болып табылмайтын адамдар болатын немесе болуы мүмкін орындарда көрсету;

18) көшірмелеу (репрографиялық қайта шығару) – туындыларды кез келген техникалық құралдардың көмегімен, баспа мақсатынсыз жүзеге асырылатын факсимильдік қайта шығару. Техникалық құралдардың көмегімен көшірмелеуді жүзеге асыруға арналған уақытша көшірмелерді жасау жағдайларынан басқа, көшірмелеуге туындыны қайта шығару немесе оның көшірмелерін электрондық (оның ішінде цифрлық), оптикалық немесе машинамен оқылатын өзге де нысанда сақтау кірмейді;

19) қайта шығару – туындылардың немесе сабақтас құқықтар объектiлерiнiң бiр немесе одан да көп тұрақты немесе уақытша даналарын кез келген әдiспен және кез келген нысанда, толық немесе iшiнара, тiкелей немесе жанама түрде дайындау. Қайта шығару түрлері дыбыс- немесе бейнежазбаны дайындау, екi өлшемдiк немесе үш өлшемдiк туындының бiр немесе одан да көп даналарын дайындау, көшірмелеу (репрографиялық қайта шығару), сондай-ақ туындыларды немесе сабақтас құқықтар объектiлерiн кез келген материалдық нысанда, оның ішінде ашық ақпараттық-коммуникациялық желіде кез келген тұрақты немесе уақытша сақтау болып табылады;

20) құқық иеленуші - авторлық құқыққа қатысты автор (оның мұрагерлері), сабақтас құқықтарға қатысты орындаушы (оның мұрагерлері), фонограммаларды жасаушы, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымы, сондай-ақ шарт бойынша немесе осы Заңда көзделген өзге де негіз бойынша туындыны және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануға айрықша құқық алған өзге де жеке немесе заңды тұлғалар;

21) құқықтарды басқару жөніндегі ақпарат - туындыны, туынды авторын, орындаушыны, орындаушының орындаушылығын, фонограмма жасаушыны, фонограмманы, туындыға, орындаушылыққа не фонограммаға не туындыны, орындаушылықты немесе фонограмманы пайдалану шарттары туралы ақпаратқа қайсыбір құқық иеленушіні бірдейлендіретін ақпарат. Ақпараттың кез келген элементі туындының, жазып алынған орындаушылықтың немесе фонограмманың данасына қоса берілетін, не жалпы жұрттың назарына туындыны хабарлауға немесе жазып алынған орындаушылықты немесе фонограмманы хабарлауға және (немесе) жеткізуге байланысты пайда болатын кезде осындай ақпарат берілген кез келген цифрлар немесе кодтар да құқықтарды басқару жөніндегі ақпарат деп ұғынылады;

22) құрамдас туынды - материалдарды іріктеп алу және (немесе) орналастыру бойынша шығармашылық қызметтің нәтижесін білдіретін туындылар мен басқа да материалдардың жинағы (энциклопедия, антология, деректер базасы);

23) орындау - туындыны, фонограмманы, орындаушылықты, қойылымды тікелей орындалатын ойын, ән, би арқылы немесе қандай да бір техникалық құралдардың (телерадио хабарлары, кәбілдік телевизия және басқалары) көмегімен көрсету, сондай-ақ дыбыстау-бейнелеу туындысының кадрларын реті бойынша дыбыспен сүйемелдеп немесе сүйемелдемей көрсету;

24) орындаушы - актер, әнші, музыкант, биші немесе рөлде ойнайтын, ән салатын, оқитын, мәнерлеп оқитын, музыкалық аспапта ойнайтын, интерпретациялайтын немесе әдебиет және (немесе) өнер туындыларын (соның ішінде эстрадалық, цирк немесе қуыршақ нөмірлерін) немесе халық шығармашылығы туындыларын өзгедей жолмен орындайтын басқа адам, сондай-ақ спектакльді қоюшы-режиссер және дирижер;

25) пайдаланушы - авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануды жүзеге асыратын немесе ұйымдастыратын жеке немесе заңды тұлға;

26) прокатқа (жалға) беру - туындының немесе фонограмманың данасын тікелей немесе жанама коммерциялық пайда табу мақсатында уақытша пайдалануға беру;

27) сабақтас құқықтар - орындаушының, фонограмма жасаушының, эфирлік және кәбілдік хабар тарату ұйымының мүліктік құқықтары және орындаушының жеке мүліктік емес құқықтары;

28) сәндік-қолданбалы өнер туындысы - көркем кәсіпшілік туындысын немесе өнеркәсіптік әдіспен дайындалған туындыны қоса алғанда, іс жүзінде пайдаланылатын заттарға көшірілген екі өлшемді немесе үш өлшемді өнер туындысы;

29) спектакльді қоюшы-режиссер - театр, цирк, қуыршақ, эстрада спектаклін немесе өзге де спектакль (көрсетілім) қойылымын жүзеге асырған адам;

30) туындыны аудару - шығарманы түпнұсқа шығарманың тілінен басқа тілде білдіру. Бұл ретте аударма дұрыс және түпнұсқа туындының мазмұнын да, стилін де бұрмаламайтын болуға тиіс;

31) туындының данасы – туындының кез келген материалдық нысанда, оның ішінде ашық ақпараттық-коммуникациялық желіде дайындалған көшiрмесi;

32) туындыны жариялау - туындыны жариялау, көпшілікке көрсету, көпшілік алдында орындау, жалпы жұрттың назарына жеткізу арқылы және өзге де әдістермен оған көпшіліктің алғаш рет қолын жеткізетін іс-әрекетті автордың келісімімен жүзеге асыру;

33) туындыны өңдеу - түпнұсқа туындыны бір жанрдан екінші жанрға өзгерту. Бұл ретте түпнұсқа туындыны сахналау, қою және аранжировка жасау туындыны өңдеу түрлері болып табылады;

34) туынды шығарма - басқа туындыны шығармашылықпен өңдеу нәтижесінде жасалған туынды;

35) уәкілетті орган - Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын және авторлық құқық және сабақтас құқықтар саласында мемлекеттік реттеуді жүзеге асыратын мемлекеттік орган;

36) фонограмма - орындаушылықтардың немесе өзге де дыбыстардың дыбыстық жазбасы, сондай-ақ дыбыстау-бейнелеу туындысына енгізілген жазбаны қоспағанда, дыбыстарды кез келген нысанда беру;

37) фонограмманың данасы – фонограммадан тiкелей немесе жанама түрде дайындалған және осы фонограммада жазылған барлық дыбыстарды немесе дыбыстардың бір бөлiгiн қамтитын кез келген материалдық жеткізгіштегі, оның ішінде ашық ақпараттық-коммуникациялық желілердегі фонограмма көшiрмесi;

38) фонограмма шығарушы - қайсыбір орындаушылықты немесе өзге де дыбыстардың тұңғыш дыбыс жазбасы үшін бастамашылық пен жауапкершілікті мойнына алған жеке немесе заңды тұлға;

39) халық шығармашылығы туындысы - дәстүрлі көркемдік мұраларға (халық ертегілері, халық поэзиясы, халық әндері, халық аспаптық музыкасы, халық билері мен пьесалары, халықтық салт-жоралғылардың көркемдік нысандары және басқалар) тән элементтерді қамтитын туынды;

40) ЭЕМ-ге арналған бағдарлама - табиғатына орай ЭЕМ-ге арналған бағдарлама олардың неғұрлым кейінірек кезеңдегі нәтижесі болып табылатын дайындық материалдарын қоса алғанда, машинада оқылатын материалдық жеткізгішке жазу кезінде ЭЕМ-мен белгілі бір міндеттерді орындау немесе нәтижеге қол жеткізу қамтамасыз етілетін сөздер, схемалар немесе бейнелеудің өзге де кез келген түрінде бейнеленген командалар жиынтығы;

41) ЭЕМ-ге арналған бағдарламаны қайта құрастыру - ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның құрылымын зерттеу және кодын белгілеу мақсатында объектілік кодты бастапқы мәтінге өзгертуді қамтитын техникалық тәсіл;

42) ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаны бейімдеу - ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаның пайдаланушының нақты техникалық құралдарында немесе пайдаланушының нақты бағдарламаларының басқаруымен жұмыс істеуін қамтамасыз ету мақсатында ғана жүзеге асырылатын ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаға өзгерістер енгізу;

43) ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаны түрлендіру (өңдеу) - ЭЕМ-ге немесе деректер базасына арналған бағдарламаның бейімделуге жатпайтын кез келген өзгерістері;

44) эфирге беру - туындыларды, орындаушылықтарды, қойылымдарды, фонограммаларды, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарларын (көрсетуді немесе орындауды қоса алғанда) радио немесе телевизия арқылы (кәбілдік телевизияны қоспағанда) беру жолымен жалпы жұрттың назарына хабарлау. Туындыларды, орындаушылықтарды, қойылымдарды, фонограммаларды, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарларын жерсерік арқылы эфирге беру кезінде жердегі станциядан жерсерікке сигналдар қабылдау және жерсеріктен сигналдар беру эфирге беру деп түсініледі, солар арқылы туындыларды, орындаушылықтарды, қойылымдарды, фонограммаларды, эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымдарының хабарларын көпшіліктің нақты қабылдауына қарамастан жалпы жұрттың назарына жеткізу мүмкін болады. Егер көпшілікке кодты ажырату құралдарын эфирлік хабар тарату ұйымы берсе немесе соның рұқсаты бойынша берілсе, код белгіленген сигналдарды беру эфирге беру болып табылады;

45) эфирге кейінгі беру - бұрын эфирде берілген немесе кәбіл бойынша жалпы жұрттың назарына хабарланған шығармаларды немесе сабақтас құқықтар объектілерін қайталап беру;

45-1) эфирлiк және кабельдік хабар тарату ұйымдары – туындыны, орындаушылықты, қойылымды, фонограмманы қамтитын теле-, радиоарналарды, теле-, радиобағдарламаларды (теле-, радио хабарларды) эфирге және (немесе) кабель арқылы хабарлауды жүзеге асыратын жеке және заңды тұлғалар. Эфирге және (немесе) кабель арқылы хабарлау ұқсас эфирлік, көпарналы хабар тарату (цифрлық эфирлік, спутниктік, кабельдік телерадио хабарларын тарату) арқылы жүзеге асырылады.

46) эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымының хабары - эфирлік немесе кәбілдік хабар тарату ұйымының өзі жасаған, сондай-ақ соның қаражаты есебінен соның тапсырысы бойынша басқа ұйым жасаған хабар.

3-бап. Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңдары

Қазақстан Республикасының авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңдары Қазақстан Республикасы Азаматтық кодексiнен, осы Заңнан және соларға сәйкес шығарылатын басқа да нормативтiк актiлерден тұрады.

4-бап. Халықаралық шарттар

Егер Қазақстан Республикасы бекiтетiн халықаралық шартта осы Заңдағыдан өзгеше ережелер белгiленген болса, онда халықаралық шарттың ережелерi қолданылады.

2-ТАРАУ. АВТОРЛЫҚ ҚҰҚЫҚ

[edit]

5-бап. Авторлық құқықтың қолданылу аясы

1. Осы Заңға сәйкес авторлық құқық:

1) Қазақстан Республикасының аумағында жарияланған не жарияланбаған, бiрақ авторлардың немесе олардың құқықтық мұрагерлерiнiң азаматтығына қарамастан Қазақстан Республикасының аумағында қандай да болсын объективтi нысанда болатын туындыларға қолданылады;

2) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жарияланған не жарияланбаған, бiрақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегi қандай да болсын объективтi нысандағы туындыларға қолданылады және Қазақстан Республикасының азаматтары - авторлары және олардың құқықтық мұрагерлерi деп танылады

3) Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жарияланған не жарияланбаған, бiрақ Қазақстан Республикасынан тыс жерлердегi қандай да болсын объективтi нысандағы туындыларға қолданылады және авторлардың (олардың құқықтық мұрагерлерiнiң) - шетелдiктердiң, азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес авторлық құқығы бар деп танылады.

2. Егер туынды Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде алғаш жарияланған күннен кейiнгi отыз күн iшiнде Қазақстан Республикасының аумағында жарияланса, ол Қазақстан Республикасында жарияланды деп саналады.

3. Қазақстан Республикасы аумағында туынды халықаралық шарттарға сәйкес қорғалатын болған жағдайда туындының авторы авторлық құқықты алуға негiз болған iс-әрекет немесе мән-жай орын алған мемлекеттiң заңы бойынша анықталады.

4. Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес, егер ол Қазақстан Республикасы бекiткен тиiстi халықаралық шарттың ережелерi бойынша айқындалатын туындының шыққан елiнде авторлық құқықтың осы елде белгiленген қолданылу мерзiмiнiң бiтуiнiң салдарынан қоғам игiлiгiне айналмаса және авторлық құқықтың қолданылу мерзiмiнiң бiтуiнiң салдарынан Қазақстан Республикасында қоғамның игiлiгiне айналмаса, туындыға қорғау берiледi.

6-бап. Авторлық құқық объектiсi. Жалпы ережелер

1. Авторлық құқық мақсатына, мазмұны мен маңызына, сондай-ақ берiлу әдiсi мен нысанына қарамастан, шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып табылатын ғылым, әдебиет және өнер туындыларына қолданылады.

2. Авторлық құқық белгiлi бiр объективтi түрге ие болған:

1) жазбаша (қолжазба, машинкаға басылған, нотаға жазылған және сол сияқты);

2) ауызша (көпшiлiк алдында айтушылық, көпшiлiк алдында орындаушылық және сол сияқты);

3) үнжазба немесе бейнежазба (механикалық, сандық, магниттiк, оптикалық және сол сияқты);

4) бейнелеу (сурет, нобай, көркемсурет, жоспар, сызба, кино, телебейне - немесе фотокадрлар және сол сияқты);

5) көлемдi - кеңiстiктi (мүсiн, үлгi, макет, ғимарат, және сол сияқты);

6) өзге де нысанда жария болған да (жарияланған, жарыққа шыққан, баспадан шыққан, көпшiлiк алдында орындалған, көпшiлiк алдында көрсетiлген), жарияланбаған да туындыларға қолданылады.

3. Заңның осы бабының 1-тармағында аталған белгiлерi бар және дербес қолдануға болатын туынды бөлiгi (оның атауымен, кейiпкерлердiң атауларымен қоса) авторлық құқық объектiсi болып табылады.

4. Авторлық құқық идеялардың, тұжырымдамалардың, принциптердiң, әдiстердiң, жүйелердiң, процестердiң, жаңалықтардың, фактiлердiң өздерiне қолданылмайды.

5. Туындыға деген авторлық құқық туынды жасалған материалдық объектiнi меншiктену құқығымен байланысты емес.

Қандай да болсын материалдық объектiге меншiк құқығын немесе иелену құқығын беру, осы Заңда көрсетiлген жағдайларды қоспағанда, осы объектiде көрсетiлген туындыға авторлық құқықтың берiлуiне әкеп соқпайды.

7-бап. Авторлық құқық объектiлерi болып табылатын туындылар

1. Мыналар авторлық құқық объектiлерi болып табылады:

1) әдеби туындылар;

2) драмалық және музыкалық-драмалық туындылар;

3) сценарий туындылары;

4) хореография және пантомима туындылары;

5) мәтiнi бар немесе мәтiнi жоқ музыкалық туындылар;

6) дыбыс-бейнежазу туындылары;

7) кескiндеме, мүсiндеме, графика және бейнелеу өнерiнiң басқа да туындылары;

8) қолданбалы өнер туындылары;

9) сәулет, қала құрылысы, дизайн және бау-саябақ өнерi туындылары;

10) суретке түсiру туындылары және суретке түсiруге орайлас әдiстермен жасалған туындылар;

11) карталар, жоспарлар, нобайлар, безендiрулер және географияға, топография мен басқа ғылымдарға қатысты үш өлшемдi туындылар;

12) ЭЕМ-ге арналған бағдарламалар;

13) өзге де туындылар.

2. ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды қорғау ЭЕМ-ге арналған бағдарламалардың (соның iшiнде операциялық жүйелердiң) бастапқы мәтiн мен объектiлiк кодты қоса алғанда, кез-келген тiлде және кез-келген нысанда жасалуы мүмкін барлық түрiне қолданылады.

3. Авторлық құқық объектiлерiне мыналар да жатады:

1) туынды шығармалар (аудармалар, өңделген дүниелер, аннотациялар, рефераттар, түйiндер, шолулар, инсценировкалар, музыкалық өңдеулер және басқа да ғылым, әдебиет пен өнер шығармаларын өңдеулер);

2) жинақтар (энциклопедиялар, антологиялар, деректер базалары) және материалдарының iрiктелуi және (немесе) орналасуы жағынан шығармашылық еңбектiң нәтижесi болып табылатын басқа да құрама туындылар.

Туынды және құрама шығармалар, өздерiнiң негiзге алынған немесе өздерiне енген туындылардың авторлық құқық объектiлерi болу болмауына қарамастан, авторлық құқықпен қорғалады.

8-бап. Авторлық құқық объектiлерi болмайтын туындылар

Мыналар авторлық құқық объектiлерi болмайды:

1) ресми құжаттар (заңдар, сот шешiмдерi, заң әкiмшiлiк, сот сипатындағы және дипломатиялық сипаттағы өзге де мәтiндер), сондай-ақ олардың ресми аудармалары;

2) мемлекеттiк нышандар мен белгiлер (жалаулар, елтаңбалар, ордендер, ақша белгiлерi және өзге де мемлекеттiк нышандар мен белгiлер);

3) халық шығармашылығы туындылары;

4) оқиғалар мен фактiлер туралы ақпараттық сипаттағы хабарлар.

9-бап. Авторлық құқықтың пайда болуы. Авторлықтың презумпциясы

1. Ғылым, әдебиет және өнер туындысына авторлық құқық оның жасалу фактiсiне қарай туындайды. Авторлық құқықтың пайда болуы мен жүзеге асырылуы үшiн туындыны тiркеу, туындыны өзге де арнайы ресiмдеу немесе қандай да болсын шарттылықты сақтау талап етiлмейдi.

Өздерiнiң айрықша мүлiктiк құқықтары туралы хабарлау үшiн автор және (немесе) құқық иеленушi авторлық құқықты қорғау белгiсiн пайдалануға құқылы, ол белгi туындының әр данасына қойылады және мiндеттi түрде мынадай үш элементтен тұрады:

1) қоршауға алынған латынша "С" әрпi;

2) айрықша авторлық құқықтар иесiнiң есiмi (атауы);

3) туындының алғаш жарияланған жылы.

Автор жарияланбаған туындыға жеке мүлiктiк емес құқықтарын куәландыру үшiн авторлық құқықтың қорғалатын мерзiмi iшiнде кез келген уақытта қажетті мәліметтерді осы Заңға сәйкес Авторлық құқықпен қорғалатын объектілерге құқықтардың мемлекеттік тiзiлiміне (бұдан әрі – Тізілім) енгізуге құқылы.

1-1. Алып тасталды

2. Өзге де дәлелдеме болмаған кезде туындының түпнұсқасында немесе данасында автор ретiнде көрсетiлген адам туындының авторы – авторлықтың презумпциясы деп есептеледі.

Авторлықтың презумпциясы тек автордың өзіне қатысты ғана қолданылады.

3. Туынды жасырын немесе бүркеншiк атпен жарияланған жағдайда (автордың бүркеншiк аты оның өзi екенiне күмән туғызбайтын жағдайды қоспағанда), туындыда есiмi немесе атауы көрсетiлген баспагер өзге дәлелдер болмаған кезде осы Заңға сәйкес автордың өкiлi болып табылады және оның өкiл ретiнде автордың құқығын қорғауға, оның жүзеге асырылуын қамтамасыз етуге құқығы бар. Бұл ереже сондай туындының авторы өзiнiң кiм екенiн ашқанша және өзiнiң авторлығын мәлiмдегенше қолданыла бередi.

4. Алып тасталды

9-1-бап. Мәліметтерді Тізілімге енгізу

1. Мәліметтерді және олардың өзгерістерін Тізілімге енгізу уәкілетті орган айқындайтын тәртіппен, автордың өтініші алынған күннен кейінгі бір жұмыс күні ішінде немесе соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде жүргізіледі.

Тізілімде автордың өтініші алынған күннен бастап бір жұмыс күні ішінде енгізілген мәліметтердің тиесілілігін, сипатын немесе мазмұнын өзгертпейтін техникалық сипаттағы қателер түзетілуі мүмкін.

2. Мәліметтерді Тізілімге енгізу туралы өтінішке туындының бір данасы және осы көрсетілген қызметке ақы төленгендігін растайтын құжаттың көшірмесі және қажет болған жағдайда ақы төлеу мөлшерін азайту негізін растайтын құжаттың көшірмесі қоса беріледі.

Туындының бір данасының орнына өтінішке – эскиздер, сызбалар, суреттер немесе фотосуреттер, ал ЭЕМ-ге немесе дерекқорға арналған бағдарламаларға қатысты бағдарламаның немесе дерекқордың атауын, автордың тегін, атын, әкесінің атын (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе), жасалған күнін, қолдану саласын, мақсатын, функционалдық мүмкіндіктерін, негізгі техникалық сипаттамаларын, бағдарламалау тілін, іске асырушы ЭЕМ-нің типін, сондай-ақ бастапқы кодын (бастапқы мәтінді) қамтитын реферат қоса берілуі мүмкін.

Діни мазмұндағы туындыларға қатысты дінтану сараптамасының оң қорытындысының көшірмесі қосымша ұсынылады.

Құрамдас туындыға немесе туынды шығармаға қатысты төл туындының авторымен немесе құқық иеленушісімен жасалған авторлық шарттың көшірмесі қосымша ұсынылады.

3. Бөлек тең авторлықпен шығарылған туындыларға авторлық құқықтар туралы мәліметтер тең авторлардың кез келгені оны өзінің өтінішінде көрсеткен жағдайда Тізілімге бөлек енгізілуі мүмкін.

4. Тізілімге бір жеке немесе заңды тұлғалардың тауарларын (көрсететін қызметтерін) басқа жеке немесе заңды тұлғалардың біртектес тауарларынан (көрсететін қызметтерінен) ажыратуға қызмет ететін (арналған) туындыларға құқықтар туралы мәліметтер енгізілмейді.

5. Автор құжаттар топтамасын толық ұсынбаған жағдайда сараптама ұйымы өтінішті қабылдаудан бас тартады.

Сараптама ұйымы осы баптың талаптары сақталмаған жағдайда қызметтерді көрсетуден бас тартады.

6. Уәкілетті орган бекіткен нысан бойынша куәлік беру тиісті мәліметтерді Тізілімге енгізуді растау болып табылады.

7. Тізілімнен алынған мәліметтердің күшін жою автордың өтініші бойынша, сондай-ақ соттың заңды күшіне енген шешімі негізінде жүргізіледі.

8. Құжаттардың көшірмелері, тиісті туындының бір данасы және (немесе) оның сипаттамасы Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жағдайларды қоспағанда, үшінші тұлғаларға автордың келісімімен беріледі.

9-2-бап. Сараптама ұйымы

1. Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорынның ұйымдық-құқықтық нысанында құрылған, өз қызметінде уәкілетті органға ведомстволық бағынысты сараптама ұйымы:

1) мәліметтерді және олардың өзгерістерін Тізілімге енгізеді;

2) өз қызметі шеңберінде мемлекеттік органдармен және өзге де ұйымдармен өзара іс-қимыл жасайды;

3) Тізілімді жүргізеді және оған қолжетімділікті қамтамасыз етеді;

4) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қызмет түрлерін жүзеге асырады.

2. Сараптама ұйымы мәліметтерді Тізілімге енгізгені үшін көрсетілген қызметтерге ақы төлеу кезінде:

Ұлы Отан соғысының қатысушылары, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдарға және басқа мемлекеттердің аумағындағы ұрыс қимылдарының ардагерлеріне;

Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға;

1941 жылғы 22 маусым мен 1945 жылғы 9 мамыр аралығында кемінде алты ай жұмыс істеген (қызмет өткерген) және Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы қажырлы еңбегі мен мінсіз әскери қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталмаған адамдарға;

мүгедектігі бар адамдарға, сондай-ақ бала кезінен мүгедектігі бар адамның ата-анасының біреуіне;

қандастарға;

кәмелетке толмағандарға жеңілдіктер береді.

Жеңілдіктер жоғарыда санамаланған адамдар санаттарының кез келгеніне жататындығы туралы растайтын құжаттар ұсынылған кезде мәліметтерді Тізілімге енгізу жөнінде көрсетілген қызмет үшін бағаның 95 пайызы мөлшерінде беріледі.

3. Уәкілетті органмен келісу бойынша сараптама ұйымы қызметтер көрсеткені үшін осы ұйым шеккен шығындарды толық өтеу, оның қызметінің шығынсыздығы және өз кірістері есебінен қаржыландыру қамтамасыз етілген жағдайда, көрсетілетін қызметтердің бағаларын бекітеді.

10-бап. Тең авторлар

1. Екi немесе одан да көп адамның (тең авторлардың) бiрлескен шығармашылық еңбегiмен жасалған туындының авторлық құқығы, мұндай туындының бөлiнбес бiртұтас болуына немесе әрқайсысы өз алдына жеке мәнге ие бөлiмдерден тұратындығына қарамастан, тең авторларға тиесiлi болады.

Егер туындының бiр бөлiгiн осы туындының басқа бөлiктерiне қарамастан пайдалану мүмкiн болса, бұл бөлiгi дербес мәнi бар туынды деп танылады.

Егер тең авторлар арасындағы келiсiмде өзгеше көзделмесе, олардың әрқайсысы туындының дербес мәнi бар өзi жасаған бөлiгiн өз қалауы бойынша пайдалануға құқылы.

2. Тұтас алғанда туындыны пайдалану құқығы тең авторларға ортақ. Тең авторлардың өзара қатынастары олардың арасында жасалған келiсiм арқылы белгiленуi мүмкiн. Егер тең авторлардың туындысы бөлiнбейтiн бiртұтас дүние болса, тең авторлардың бiр де бiрiнiң туындыны пайдалануға жеткiлiктi негiздерi болмайынша тыйым салуға құқығы жоқ.

3. Тең авторлардың әрқайсысы өз атынан, соның iшiнде, басқа тең авторлардың рұқсатын алмастан, егер олардың арасында келiсiммен өзгеше көзделмесе, өз құқықтарын қорғауға байланысты осы Заңда және Қазақстан Республикасының өзге де заң актiлерiнде көзделген шараларды қолдануға құқылы.

11-бап. Құрамдас туындыларға авторлық құқық

1. Жинақтың және басқа да құрама туындылардың авторына (құрастырушысына) шығармашылық (құрастырушылық) еңбек нәтижесi болып табылатын материалдарды iрiктеудi және (немесе) орналастыруды жүзеге асырғандығы үшiн авторлық құқық берiледi.

Құрастырушының өзi құрама туындыға енгiзiлген әрбiр туынды авторларының құқықтарын сақтаған жағдайда авторлық құқықты пайдаланады.

Егер авторлық шартта өзгеше көзделмесе, құрама туындыға енгiзiлген туындылардың авторлары өз туындыларын құрама туындыға қарамастан пайдалана беруге құқылы.

Құрастырушысының авторлық құқығы басқа адамдардың сол материалдарды басқа құрама туындылар жасау үшiн дербес iрiктеуiне және (немесе) орналастыруына кедергi жасамайды.

2. Энциклопедияларды, энциклопедиялық сөздiктердi, мерзiмдi және шығуы жалғаса беретiн ғылыми еңбектер жинақтарын, газеттердi, журналдарды және басқа да мерзiмдi басылымдарды жарыққа шығаратын баспагерге мұндай басымдарды тұтас пайдалануға айрықша құқық берiледi. Баспагер мұндай басылымдарды кез-келген жағдайда пайдаланса да өзiнiң атауын көрсетуге немесе оны көрсетудi талап етуге құқылы.

Мұндай басылымдарға енгiзiлген туындылардың авторлары жалпы басылымға қарамастан өз туындыларын пайдалануға айрықша құқықтарын сақтап қалады.

12-бап. Туынды шығармаларға авторлық құқық

1. Аудармашыларға және басқа да туынды шығармалардың авторларына өздерiнiң жасаған аудармасына, қайта жасағанына, музыкалық әуендерден немесе басқа да өңдеуден өткiзгенiне авторлық құқық берiледi.

Аудармашы және басқа да туынды шығарма авторы өзi аударатын, қайта жасайтын, музыкалық әуендейтiн немесе басқа да өңдеуден өткiзетiн туынды авторының авторлық құқығын сақтаған жағдайда өзi жасаған туындыға авторлық құқықты пайдаланады.

2. Аудармашылардың және басқа да туынды шығарма авторларының авторлық құқығы сол туындыларды өзге адамдардың аударуына және өңдеуiне кедергi болмайды.

13-бап. Дыбыс-бейнежазу туындысына авторлық құқық

1. Дыбыс-бейнежазу туындысының авторлары (тең авторлары):

1) сценарий авторы;

2) дыбыс-бейнежазу туындысына арнайы жасалған музыкалық туындының (мәтiнi немесе мәтiнсiз) авторы (сазгер);

3) қоюшы-режиссер;

4) қоюшы-оператор;

5) қоюшы суретшi болып табылады.

Бұрын шығарылған, қайта өңделген немесе дыбыс-бейнежазу туындысының құрамдас бөлiгi ретiнде енгiзiлген туынды авторы да дыбыс-бейнежазу туындысының тең авторы болып саналады.

2. Дыбыс-бейнежазу туындысын жасауға немесе бұрын жасалған туындыға құқық беруге авторлық шарттың жасалуы, осы баптың 3-тармағында көзделген жағдайды қоспағанда, осы туынды авторларының (немесе бұрын жасалған туынды авторларының және өзге де авторлық құқықтар иелерiнiң) дыбыс-бейнежазу туындысын жасаушыға, егер авторлық шартта өзгеше көзделмесе, дыбыс-бейнежазу туындысын пайдалануға айрықша құқық беруiне әкеп соғады.

Дыбыс-бейнежазу туындысын жасаушы бұл туынды кез келген жағдайда пайдаланылса да өз есiмiн немесе атауын көрсетуге, не солай көрсетiлуiн талап етуге құқылы.

3. Дыбыс-бейнежазу туындысына арнайы шығарылған музыкалық туындының (мәтiнмен немесе мәтiнсiз) авторы осы музыкалық туындының дыбыс-бейнежазу туындысы ретiнде көпшiлiк алдында әрбiр орындалуы жағдайында оның көпшiлiкке хабарланғаны, сондай-ақ дыбыс-бейнежазу туындысы данасының прокатқа (жалға) берiлгенi үшiн сыйақы алу құқығын сақтап қалады.

4. Дыбыс-бейнежазу туындысына құрамдас бөлiк ретiнде енген, бұрыннан бар (сценарий негiзiне алынған роман авторы және басқалар), сондай-ақ жұмыс процесiнде туған (қоюшы-оператор, қоюшы-суретшi және басқалар) туындылар авторларының әрқайсысы өз туындысына авторлық құқықты пайдаланады.

14-бап. Қызметтiк туындыларға авторлық құқық

1. Қызмет бабында мiндеттердi немесе жұмыс берушiнiң қызметтiк тапсырмасын орындау тәртiбi бойынша жасалған туынды авторының мүлiктiк емес жеке құқығын қызметтiк туынды авторы иеленедi.

2. Егер жұмыс беруші мен автор арасындағы шартта өзгеше көзделмесе, қызметтік туындыға мүліктік (айрықша) құқықтарға жұмыс беруші ие болады.

3. Қызметтiк туынды кез келген жағдайда пайдаланылса, жұмыс берушi өз атауын көрсетуге немесе солай көрсетiлуiн талап етуге құқылы.

4. Алып тасталды

5. Қызмет бабындағы мiндеттердi немесе жұмыс берушiнiң қызметтiк тапсырмаларын орындау тәртiбiмен энциклопедияларды, энциклопедиялық сөздiктердi, ғылыми еңбектердiң мерзiмдi және жалғастырыла беретiн жинақтарын, газеттердi, журналдарды және басқа да мерзiмдi басылымдарды (осы Заңның 11-бабының 2-тармағы) жасауға бұл баптың ережелерi қолданылмайды.

15-бап. Мүлiктiк емес жеке құқықтар

1. Автордың өз туындысына қатысты мынадай мүлiктiк емес жеке құқықтары болады:

1) туындының авторы деп танылу құқығы және оны тануды, соның iшiнде, егер iс жүзiнде мүмкiн болса, туынды кез келген жария пайдаланылған кез келген жағдайда оның даналарына автордың есiмiн тиiстi түрде көрсету арқылы тануды талап ету құқығы (авторлық құқық);

2) туынды пайдаланылған кез келген жағдайда оның даналарына автордың шын есiмiнiң орнына лақап есiмiн (бүркеншiк есiмiн) көрсету және соны талап ету немесе есiмiн көрсетуден бас тарту құқығы, яғни жасырындық (есiмi аталу құқығы);

3) туындының атауымен қоса, оған қол сұғылмаушылық құқығы, туындыны кез-келген жолмен бүлдiруге, бұрмалауға немесе өзге жолмен өзгертуге, сондай-ақ автордың абыройына немесе беделiне нұқсан келтiре алатын басқа кез-келген қол сұғушылыққа қарсы әрекет ету құқығы (автордың беделiн қорғау құқығы).

4) қызметтік міндеттерді немесе жұмыс берушінің қызметтік тапсырмасын орындау тәртібімен жасалған туындыларды қоспағанда, туындыға белгiсiз адамдар тобының қол жеткiзуiне жол ашу құқығы (халыққа жария ету құқығы).

2. Бұрын қабылданған шешiмнен пайдаланушыға келтiрiлген зиян, соның iшiнде оның айрылып, қалған пайдасы өтелген жағдайда автордың туындыны жариялау туралы ондай шешiмнен бас тартуға құқығы бар (керi қайтарып алу құқығы). Егер туынды жарияланып кеткен болса, автор оны керi қайтарып алатыны туралы жария түрде хабарлауға мiндеттi. Бұл ретте ол туындының бұрын дайындалған даналарын өз есебiнен қайтып алуға құқылы.

Қызметтiк туындыларды жасаған кезде бұл тармақтың ережелерi қолданылмайды.

3. Автордың мүлiктiк құқықтарына қарамастан, оның мүлiктiк емес жеке құқықтары болады және оларды туындыны пайдалану жөнiндегi айрықша құқықтарын бiреуге берген жағдайда да сақтап қалады.

4. Авторды оның осы бапта көзделген мүлiктiк емес жеке құқықтарынан айыруға болмайды.

5. Автор қайтыс болғаннан кейiн оның мүлiктiк емес жеке құқықтары осы Заңның 30-бабында белгiленген тәртiп бойынша жүзеге асырылады.

16-бап. Мүлiктiк құқықтар

1. Автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң сол туындыны кез келген нысанда және кез келген әдiспен пайдалануға мүлiктiк (айрықша) құқығы бap.

2. Автордың туындыны пайдалануға айрықша құқықтары төмендегi әрекеттердi жүзеге асыру, рұқсат ету немесе жүзеге асыруға тыйым салу құқығын бiлдiредi:

1) туындыны қайта шығару (қайта шығару құқығы);

2) туындының түпнұсқасын немесе даналарын кез келген әдiспен таратуына: сатуына, айырбастауына, прокатқа (жалға) беруiне, өзге де операциялар, оның ішінде ашық телекоммуникациялар желісінде операциялар жасауына (тарату құқығы);

3) тарату мақсатында туынды даналары, соның iшiнде автордың немесе авторлық құқықтардың өзге иесiнiң рұқсатымен дайындалған даналарын импорттау (импортқа әкелу құқығы);

4) туындыны жария көрсету (жария көрсету құқығы);

5) туындыны жария орындау (жария орындау құқығы);

6) туындыны жария хабарлау (туындыны жалпы жұрттың назарына арнап хабарлау), соның iшiнде эфирде немесе кабель арқылы хабарлау (жария хабарлау құқығы);

7) жалпы жұрттың назарына арнап эфирде алғашқы және (немесе) кейiнгi хабарлауды қоса алғанда туындыны эфирде хабарлау (эфирде жариялау құқығы);

8) жалпы жұрттың назарына арнап кабель арқылы алғашқы және (немесе) кейiнгi хабарлауды қоса алғанда туындыны кабель арқылы хабарлау (кабель арқылы хабарлау құқығы);

9) туындыны аудару (аудару құқығы);

10) туындыны қайта жасау, музыкалық әуендеу немесе басқаша түрде қайта өңдеу (өңдеу құқығы);

10-1) туындыны жалпы жұрттың назарына жеткізу (жалпы жұрттың назарына жеткізу құқығы)

11) Қазақстан Республикасының заң актiлерiне қайшы келмейтiн өзге де әрекеттердi жүзеге асыру құқықтарын бiлдiредi.

3. Егер туындының заңды түрде жарияланған даналары оларды сату арқылы азаматты айналымға түсiрiлсе, онда олардың автордың келiсiмiнсiз және сыйақы төлемей одан әрi таратуға жол берiледi.

Туындының түпнұсқасын немесе даналарын жалға беру (және көпшiлiкке жалға беру) арқылы тарату құқығы, ол даналарға меншiк құқығына қарамастан:

1) ноталық мәтiн түрiндегi музыкалық туындының;

2) фонограммаға түсiрiлген туындының;

3) дыбыс-бейнежазу туындысының;

4) деректер базасының;

5) ЭЕМ бағдарламаларының авторына немесе авторлық құқық иесiне берiледi.

4. Сәулет, қала құрылысы және бау-саябақ жобаларын пайдалануға айрықша құқықтар мұндай жобалардың нақты iске асырылуын да қамтиды.

5. Автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң туындыны пайдаланудың әрбiр түрi үшiн сыйақы алуға құқығы бар, оның мөлшерi мен есептелу тәртiбi авторлық шартпен, сондай-ақ авторлардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдармен жасасатын шарттармен белгiленедi.

6. Осы баптың 2-тармағында көзделген мүлiктiк құқықтарды шектеулер, егер мұндай шектеулер туындыны дұрыс пайдалануға зиян келтiрмей, автордың немесе өзге де құқық иеленушінің заңды мүдделерiне негiзсiз қысым жасамайтын болса, осы Заңның 18-26-баптарымен белгiленедi.

16-1-бап. Авторлық сыйақының ең төмен ставкалары

Туындының сипатына немесе оны пайдалану ерекшелiктерiне (жұртшылық алдында, оның iшiнде радиода және телевизияда орындауға, туындыны механикалық, магниттiк немесе өзге де жазба арқылы қайта шығаруға, көшiрмелеуге, туындыны автордың келісімінсіз жеке мақсатта қайта шығаруға және басқа да жағдайларға) байланысты мүлiктiк (айрықша) құқықтарды жеке тәртіппен iс жүзiнде жүзеге асыру мүмкiн болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкiметi авторлық сыйақының ең төмен ставкаларын белгiлейді.

Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым пайдаланушылармен шарттар жасасқан кезде авторлық сыйақы мөлшерлемелерінің мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген сыйақының ең төменгі мөлшерлемелерінен төмен етіп белгілеуге құқылы емес.

17-бап. Бейнелеу өнерi туындыларын еркiн пайдалану құқығы. Қадағалау құқығы

1. Бейнелеу өнерi шығармасының авторы туындының меншiк иесiнен өз туындысының көшiрмесiн жасау құқығын жүзеге асыруға мүмкiндiк беруiн талап етуге құқылы (қол жеткiзу құқығы). Бұл орайда туындыны меншiк иесiнен туындыны авторға жеткiзiп берудi талап етуге болмайды.

2. Бейнелеу өнерi туындысының түпнұсқасын жария түрде (аукцион, бейнелеу өнерiнiң галереясы, көркемдiк салоны, дүкен және сол сияқтылар арқылы) қайталап сатқан әрбiр жағдайда мұндай бейнелеу өнерi туындысын меншiктену құқығынан бiрiншi рет айырылғаннан кейiн автордың немесе оның мұрагерлерiнiң сатушыдан қайталап сату бағасының бес процентi мөлшерiнде сыйақы алуға құқығы бар (қадағалау құқығы). Авторды тiрi кезiнде аталған құқықтан айыруға болмайды және ол заң бойынша немесе қалдырған өсиетi бойынша авторлық құқық мерзiмiнде тек қана автордың мұрагерлерiне көшедi.

3. Бейнелеу өнерi туындысына меншiк құқығының автордан басқа тұлғаға ауысуы (өтеулi немесе өтеусiз) осы туындының бiрiншi рет иелiктен айырылуын бiлдiреді.

18-бап. Туындыны жеке мақсатта автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей көшiрмелеу

1. Заңды түрде жарияланған туындыны автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей жеке тұлғаның тек өз мақсаты үшiн және табыс алмай, осы Заңның 26-бабында көзделген реттердi қоспағанда, жалғыз дана етiп көшiрмелеуiне жол берiледi.

2. Осы баптың 1-тармағының ережесi:

1) үйлер және солар сияқты ғимараттар түрiндегi сәулет өнерi туындыларын көшiрмелеуге;

2) деректер базаларын немесе олардың елеулi бөлiктерiн көшiрмелеуге;

3) осы Заңның 24-бабында көзделгендерден басқа реттердi қоспағанда, ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды көшiрмелеуге;

4) кiтаптарды (толығымен) және нота мәтiндерiн репродукциялауға (репрографиялық қайта шығаруға) қолданылмайды.

19-бап. Туындыны автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей пайдалану

Автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей, бiрақ туындысы пайдалынатын автордың есiмiн және қай деректен алынғаны мiндеттi түрде көрсетiле отырып, шығарманы пайдалануға мынадай жағдайларда жол берiледi:

1) заңды түрде жарияланған туындылардан түпнұсқа күйiнде және аударма түрiнде ғылыми, зерттеу, пiкiрталас, сыни және ақпараттық мақсатта, баспасөзге шолу ретiнде газеттер мен журналдар мақалаларынан алынған үзiндiлерiн қоса алғанда, дәйексөз алу мақсатына сай көлемiнде дәйексөз алу;

2) заңды түрде жарияланған туындыларды және олардан алынған үзiндiлерiн оқыту сипатындағы басылымдарда, радио және телехабарларда, дыбыс-бейнежазуларда алға қойған мақсатқа сай көлемде кіріс алмастан пайдалану;

3) ағымдағы экономикалық, саяси, әлеуметтiк және дiни мәселелер бойынша газеттерде немесе журналдарда заңды түрде жарияланған мақалаларды немесе эфирге берiлген осындай сипаттағы туындыларды жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн, автор тарапынан мұндай көшiрмелеуге, эфирге беруге немесе хабарлауға арнауы тыйым салынбаған жағдайларда, газеттерге көшiрiп басу, эфирге тарату немесе кабель бойынша хабарлау;

4) көпшiлiк алдында сөйленген саяси сөздердi, үндеулердi, баяндамаларды және басқа осы сияқты туындыларды ақпараттық мақсатқа сай көлемде жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн газеттерге көшiрiп басу, эфирге тарату немесе кабель бойынша хабарлау. Бұл орайда автордың мұндай туындыларды жинақтарда жариялау құқығы сақталады;

5) ағымдағы оқиғалар барысында көрiнген немесе естiлген ағымдағы оқиғаларды суретке түсiру немесе кинематография құралдары, эфирге тарату немесе жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн кабель бойынша хабарлау арқылы ақпараттық мақсатқа сай көлемде шолуларда көшiрмелеу немесе көпшiлiк назарына арналған хабар. Бұл орайда автордың мұндай туындыларды жинақтарда жариялау құқығы сақталады;

6) заңды түрде жарияланған туындыларды бедерлi-нүкте жазумен немесе зағип адамдарға арналған басқа да арнайы тәсiлдермен, осылайша көшiрмелеу үшiн арнайы жасалған туындыларды қоспағанда, пайда таппай көшiрмелеу;

7) кітапханалардың және мұрағаттардың туындының жоғалған немесе бүлінген даналарын ауыстыру мақсатында құқыққа сыйымды жарияланған туындыларды пайда алмастан цифрлық форматқа ауыстыру арқылы туындының жалғыз данасын қайта шығаруы, сондай-ақ өздерінің қорларынан туындыны қандай да бір себептермен жоғалтқан басқа да кітапханаларға туындының даналарын беру.

8) меншік нысанына қарамастан білім беру ұйымдарының жинақтарда, газеттерде және басқа да мерзімді баспа басылымдарында құқыққа сыйымды түрде жарияланған жекелеген мақалалар мен көлемі шағын туындыларды, өзге де құқыққа сыйымды түрде жарияланған жазбаша шығармалардан қысқаша үзінділерді (иллюстрациялармен немесе иллюстрацияларсыз) кіріс алмай қайта шығаруы және олардың көшірмелерін білім алушылар мен педагогтерге емтихандар, аудиториялық сабақтар өткізу және өз бетінше дайындалу үшін осыған қажетті мөлшерде беру.

20-бап. Туындыларды репродукциялау арқылы пайдалану

Автордың немесе өзге құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және сыйақы төлемей, бiрақ туындысы пайдаланылатын автордың есiмi мен қай деректен алынғаны мiндеттi түрде көрсетiле отырып, туындының жалғыз данасын:

1) заңды түрде жарияланған туындыны кiтапханаларда және архивтерде қалпына келтiру, жоғалып кеткен немесе бүлiнген даналарды ауыстыру, өз қорындағы туындыны белгiлi бiр себептермен жоғалтып алған басқа кiтапханаларға туындының даналарын беру үшiн;

2) кiтапханалар мен архивтердiң жинақтарда, газеттерде және басқа мерзiмдi басылымдарда заңды түрде жарияланған жеке мақалалар мен шағын көлемдi туындыларды, заңды түрде жарияланған жазбаша туындылардан қысқаша үзiндiлердi (суретпен немесе суретсiз) жеке тұлғалардың оқып-үйрену және зерттеу мақсатындағы сауалдары бойынша;

3) жинақтарда, газеттерде және басқа да мерзiмдi басылымдарда заңды түрде жарияланған жекелеген мақалалар мен шағын көлемдi туындыларды, заңды түрде жарияланған жазбаша туындылардың қысқаша үзiндiлерiн (суретпен немесе суретсiз) білім беру ұйымдары дәрiсханалардағы сабаққа пайдалану үшiн, пайда алмай репродукциялауына жол берiледi.

21-бап. Еркiн кiрiп көруге ашық орындарға тұрақты қойылған туындыларды еркiн пайдалану

Туындыны бейнелеу қайта шығарудың, эфирге берудiң және (немесе) кәбiл бойынша жалпыжұрттың назарына хабарлаудың негiзгi объектiсi болатын немесе туындыны бейнелеу коммерциялық мақсат үшiн пайдаланылатын жағдайларды қоспағанда, еркiн кiрiп көруге ашық орындарға тұрақты қойылған сәулет, суретке түсiру, бейнелеу өнерi туындыларын автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей қайта шығаруға, эфирге беруге және (немесе) кәбiл бойынша жалпы жұрттың назарына хабарлауға жол берiледi.

22-бап. Туындыларды ресми және өзге де рәсiмдер кезiнде көпшiлiк алдында орындау

Заңды түрде жарияланған музыкалық туындыларды ресми және дiни рәсiмдер, сондай-ақ өлiктi жерлеу кезiнде көпшiлiк алдында сол рәсiмдердiң сипатына сәйкес келетiн көлемде автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей орындауға жол берiледi.

23-бап. Туындыларды сот және әкiмшiлiк мақсаттар үшiн көшiрмелеу

Туындыларды сот және әкiмшiлiк iс жүргiзу үшiн осындай мақсатқа белгiленген көлемде автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және авторлық сыйақы төлемей көшiрмелеуге жол берiледi.

24-бап. ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды және деректер базасын еркiн көшiрмелеу. ЭЕМ-ге арналған бағдарламаларды керi жазып шығу

1. ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның немесе деректер базасының данасын заңды түрде иеленетiн адам автордың немесе өзге айрықша құқықтар иесiнiң рұқсатын алмай және қосымша сыйақы төлемей туындыны пайдалануға:

1) ЭЕМ-ге арналған бағдарламаға немесе деректер базасына оны пайдаланушының техникалық құралдарында жұмыс iстеу мақсатында ғана жүзеге асырылатын өзгерiстердi енгiзуге, ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның немесе деректер базасының жұмыс iстеуiне қажеттi оның мақсатына сәйкес кез-келген iс-әрекеттi, соның iшiнде ЭЕМ-нiң (бiр ЭЕМ немесе жүйенi бiр пайдаланушы) зердесiне жазу мен сақтауды, сондай-ақ автормен жасалған шартта өзгеше көзделмесе, көрiнеу қателердi түзетудi жүзеге асыруға;

2) ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның немесе деректер базасының көшiрмесiн тек қана архивтiк мақсатқа және ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның немесе деректер базасының түпнұсқасы жоғалып, жойылып кеткен немесе пайдалануға жарамай қалған жағдайларда заңды түрде алынған дананы ауыстыру үшiн ғана жасауға немесе жасауды тапсыруға құқылы. Бұл орайда ЭЕМ-ге арналған бағдарлама мен деректер базасының көшiрмесiн осы тармақтың 1)-тармақшасында көрсетiлгеннен басқа мақсаттарға пайдалануға болмайды және ЭЕМ-ге арналған бағдарлама мен деректер базасының данасын иелену заңды деп тану тоқтатылған жағдайда ол жойылуға тиiс.

2. ЭЕМ-ге арналған бағдарлама данасын заңды түрде иеленетiн адам автордың немесе өзге де айрықша құқықтар иесiнiң келiсiмiнсiз және қосымша сыйақы төлемей объект кодын көшiруге және бастапқы мәтiнде өзгертуге (ЭЕМ-ге арналған бағдарламаны керi жазып шығуға) немесе, егер олар осы адамның ЭЕМ-ге арнап өз бетiнше жасаған бағдарламасының керi жазылып шыққан бағдарламамен өзара iс-әрекет жасай алатын өзге бағдарламалармен өзара iс-әрекет жасау қабiлетiне жету үшiн қажет болса, мынадай шарттарды сақтаған жағдайда ол бұл iс-әрекеттi жүзеге асыруды өзге адамдарға тапсыруға құқылы:

1) өзара iс-әрекет жасау қабiлетiне жету үшiн қажеттi, бұл адам бұрын басқа деректерден ала алмаған ақпарат;

2) аталған әрекеттер ЭЕМ-ге арналған бағдарламаның керi жазылып шыққан, өзара iс-әрекет қабiлетiне жету үшiн қажеттi бөлiктерi жөнiнде ғана жүзеге асырылады;

3) керi жазып шығу нәтижесiнде алынған ақпаратты ЭЕМ-ге арнап өз бетiнше жасалған бағдарламаның өзге бағдарламалармен өзара iс-әрекет жасау қабiлетiне қол жеткiзу үшiн ғана пайдалануға болады, ЭЕМ-ге арнап өз бетiнше жасалған бағдарламаның басқа бағдарламалармен өзара iс-әрекет жасау қабiлетiне қол жеткiзу үшiн қажет болатын жағдайларды қоспағанда, оны өзге адамдарға беруге болмайды, сондай-ақ оны өзiнiң түрi жағынан ЭЕМ-ге арнап керi жазылып шыққан бағдарламаға едәуiр ұқсайтын ЭЕМ-ге арналған бағдарламаны әзiрлеу үшiн немесе авторлық құқықты бұзатын басқа да кез-келген әрекеттi жүзеге асыру үшiн пайдалануға болмайды.

3. Бұл баптың ережелерiн қолдану ЭЕМ-ге арналған бағдарламаны немесе деректер базасын қалыпты пайдалануға орынсыз залал келтiрмеуге тиiс және автордың немесе ЭЕМ-ге арналған бағдарламаға немесе деректер базасына айрықша құқықтың өзге де иесiнiң заңды мүдделерiне негiзсiз қысым жасамауға тиiс.

25-бап. Туындыларды қысқа мерзiмге пайдалану үшiн эфирге хабар тарату ұйымдары жүзеге асыратын жазбалар

Эфирге хабар тарату ұйымы автордың немесе өзге де құқық иеленушiнiң келiсiмiнсiз және қосымша сыйақы төлемей осы ұйым эфирге беруге құқық алған туындыны қысқа уақытқа пайдалану үшiн жазбасын мынадай жағдайларда:

1) жазбаны эфирге хабар тарату ұйымы өз жабдықтарының көмегiмен және өз хабарлары үшiн дайындаған;

2) егер жазылған туынды авторымен немесе өзге де құқық иеленушiсiмен неғұрлым ұзақ мерзiмге келiсiлмесе, мұндай жазбаны ол әзiрленгеннен кейiнгi алты ай iшiнде жойылған жағдайларда жазуға болады. Егер жазбаның құжаттық мәнi ерекше болса, мұндай жазба туынды авторының немесе өзге де құқық иеленушiсiнiң келiсiмiнсiз-ақ ресми мұрағаттарда сақталуы мүмкiн.

26-бап. Туындыны авторлық сыйақысын төлеп, автордың келiсiмiнсiз жеке мақсатта көшiрмелеу

1. Туынды авторының, орындаушының, дыбыс-бейнежазу туындысын шығарушының және фонограмма жасаушының келiсiмiнсiз, бiрақ оларға сыйақы төлеп, дыбыс-бейнежазу туындысын немесе туындының дыбыстық жазбасын жеке мақсатта және табыс алмай көшiрмелеуге жол берiледi.

2. Осы баптың 1-тармағында көрсетiлген қайта шығару үшiн сыйақыны осындай қайта шығару үшiн пайдаланылатын жабдықтар мен материалдық жеткiзгiштердi дайындаушы немесе импорттаушы тұлғалар төлейдi.

Осындай жабдық пен материалдық жеткiзгiштердiң тiзбесiн уәкілетті орган бекiтедi.

3. Бұл сыйақыны жинау мен бөлудi авторлардың, фонограмма жасаушылардың және орындаушылардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардың бiреуi осы ұйымдар арасындағы келiсiмге сәйкес жүзеге асырады (осы Заңның 43-бабы).

4. Егер бұл келiсiмде өзгеше көзделмесе, аталған сыйақы мынадай шамада бөлiнедi: авторларға - қырық процент, орындаушыларға - отыз процент, фонограмма жасаушыларға - отыз процент.

5. Сыйақының мөлшерi және оны төлеудiң шарттары, бiр жағынан аталған дайындаушылар мен импорттаушылардың және екiншi жағынан авторлардың, фонограмма жазушылардың және орындаушылардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдар арасындағы келiсiмде белгiленедi, ал тараптар мұндай келiсiмге келе алмаған жағдайда - Қазақстан Республикасының уәкiлдiк берiлген органы белгiлейдi.

6. Осы баптың 2-тармағында аталған, экспортқа шығаруға болатын жабдықтар мен материалдық жеткiзгiштер, сондай-ақ үй жағдайында пайдалануға арналмаған кәсiптiк жабдықтарға сыйақы төленбейдi.

27-бап. Туындыларды жеке мақсатта шет елге шығару

Шетке шығарылған жағдайда республиканың ұлттық мүдделерiне зиян келтiрiлетiн, тiзбесi белгiленген тәртiп бойынша анықталатын туындыларды қоспағанда, туындының данасын автордың немесе өзге де құқық иесiнiң келiсiмiнсiз және сыйақы төлемей тек қана жеке адамның өз мақсаттары үшiн шет елге шығаруына жол берiледi.

28-бап. Авторлық құқықтың қолданылу мерзiмi

1. Авторлық құқық автордың бүкiл ғұмыры бойы және қайтыс болғаннан кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды.

2. Авторлық құқығын, оның есiмнiң құқығын және автордың беделiн қорғау құқығын қорғауға шек қойылмайды.

3. Алып тасталды

4. Жасырын немесе бүркеншiк атпен жарияланған туындыға авторлық құқы ол туынды заңды түрде жарияланған күннен кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды. Егер аталған мерзiм iшiнде жасырын немесе бүркеншiк атпен шығарылған туындының авторы өзiнiң шын есiмiн немесе оның кiм екенi ендiгi жерде күмән туғызбаса, осы баптың 1-тармағының ережесi қолданылады.

5. Тең авторлар жасаған туындыға авторлық құқық өмiр бойы және басқа тең авторлардан ұзақ өмiр сүрген ең соңғы автор қайтыс болғаннан кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды.

6. Автор қайтыс болғаннан кейiн отыз жыл iшiнде бiрiншi рет жарыққа шығарылған туындыға авторлық құқық туынды жарыққа шыққаннан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан есептегенде ол жарыққа шыққаннан кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды.

7. Егер автор қуғын-сүргiнге ұшырап, қайтыс болғаннан кейiн ақталса, онда құқық қорғаудың осы бапта көзделген мерзiмi ақталған жылдан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан бастап күшiне енедi.

8. Осы бапта көзделген мерзiм сол мерзiмнiң басталуы үшiн негiз болып табылатын заңды факт болған жылдан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан есептеле бастайды.

9. Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес туындыға қорғау берiлген кезде, осы Заңның 5-бабының 4-тармағына сай авторлық құқықтың қолданылу мерзiмiн туындының шыққан елінде белгiленген мерзiмнен асыруға болмайды.

Осы бапта көзделген мерзiмдер мерзiмнiң өтуiнiң басталуына негiз болып табылатын заңдық факт осы Заң қолданысқа енгiзiлгенге дейiнгi жетпiс жылдан әрi емес мерзiмде орын алған барлық жағдайларда қолданылады.

29-бап. Туындылардың қоғамдық игiлiкке айналуы

1. Туындыға авторлық құқықтың қолданылу мерзiмiнiң бiтуi олардың қоғамдық игiлiкке айналғандығын бiлдiредi.

2. (алып тасталды)

3. Қоғамдық игiлiкке айналған туындыларды кез-келген адам авторлық сыйақы төлемей еркiн пайдалана алады. Бұл орайда авторлық құқық, автор есiмiнiң құқығы мен оның беделiн қорғау құқығы сақталуға тиiс.

4. Қоғамдық игiлiкке айналған туындыларды пайдаланушылар авторлардың шығармашылық қызметiне ықпал ету, олардың материалдық-тұрмыстық жағдайларын жақсарту мақсатында авторлардың кәсiби қорына немесе авторлардың мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдарға қаржы аударуға ерiктi.

30-бап. Авторлық құқықтың ауысуы

1. Авторлық құқық шарт бойынша және мұра ретiнде берiледi.

2. Авторлық құқық мұрагерлiк тәртiбiмен заң бойынша немесе өсиет бойынша ауысады.

3. Автордың осы Заңның 15-бабында көзделген мүлiктiк емес жеке құқықтары мұрагерлiк бойынша ауыспайды. Автордың мұрагерлерi мүлiктiк емес жеке құқықтарын қорғауды жүзеге асыруға құқылы. Мұрагерлердiң аталған заңды құқықтарының мерзiмi шектелмейдi.

4. Өсиет орындаушыны тағайындайтын тәртiп бойынша автор өзiнiң мүлiктiк емес жеке құқықтарын қорғауды жүктейтiн адамды көрсетуге құқылы. Мұндай адам өз өкiлеттiгiн өмiр бойы атқарады. Автордың мұндай нұсқауы болмаған жағдайда автор қайтыс болғаннан кейiн оның мүлiктiк емес жеке құқықтарын қорғауды оның мұрагерлерi, егер мұрагерлерi болмаса немесе олардың авторлық құқығы тоқтатылған болса, Қазақстан Республикасының мұндай қорғауды жүзеге асыратын уәкiлдiк берiлген органы атқарады.

31-бап. Мүлiктiк құқықтың берiлуi. Авторлық шарт

1. Автордың осы Заңның 16-бабында аталған мүлiктiк құқықтары толық немесе iшiнара берiлуi, сондай-ақ айрықша құқықтарды беру туралы авторлық шарт бойынша немесе айрықша емес құқықтарды беру туралы авторлық шарт бойынша пайдалану үшiн берiлуi мүмкiн.

Мүлiктiк құқықтарды қалай да болсын басқаға беру автордың және мүлiктiк құқықтар берiлетiн адамның қолы қойылатын жазбаша шартпен ресiмделуге тиiс.

2. Айрықша құқықтарды беру туралы авторлық шарт осы құқықтар берiлген адамға ғана туындыны белгiлi бiр әдiспен және шартта белгiленген шекте пайдалануға рұқсат етедi және мұндай адамға басқа адамдардың туындыны осылайша пайдалануына тыйым салу құқығын бередi. Егер айрықша құқықтар берiлген адам бұл құқықты қорғауды жүзеге асырмаса, басқа адамдарға туындыны пайдалануға тыйым салу құқығын туындының авторы жүзеге асыра алады.

3. Айрықша емес құқықтарды беру туралы авторлық шарт пайдаланушыға осындай құқықты берген айрықша құқық иесiмен және (немесе) осы туындыны сондай әдiспен пайдалануға рұқсат алған басқа адамдармен туындыны тең жағдайда пайдалануға рұқсат етедi.

4. Авторлық шарт бойынша берiлген құқықтар, егер шартта тiкелей өзгеше көзделмесе, айрықша емес құқықтар деп есептеледi.

32-бап. Авторлық шарттың талаптары мен нысаны

1. Авторлық шартта:

1) туындыны пайдалану әдiстерi (осы шарт бойынша берiлетiн нақты құқықтар);

2) құқық берiлетiн мерзiм мен аумақ;

3) сыйақы мөлшерi және (немесе) туындыны пайдаланудың әрбiр әдiсi үшiн сыйақы мөлшерiн белгiлеу тәртiбi, оны төлеудiң тәртiбi мен мерзiмi, сондай-ақ тараптар осы шарт үшiн маңызды деп есептейтiн басқа да жағдайлар көзделуге тиiс.

2. Авторлық шартта құқықтың берiлу мерзiмi туралы ереже болмаған жағдайда, егер пайдаланушыға бұл жөнiнде шарттың бұзылуына дейiн үш ай бұрын жазбаша хабарланған болса, автор шартты ол жасалған күннен бастап бiр жыл өткен соң бұза алады.

3. Авторлық шартта құқық берiлетiн аумақ туралы ереже болмаған жағдайда шарт бойынша берiлетiн құқықтың қолданылуы Қазақстан Республикасының аумағымен шектеледi.

4. Туындыны пайдалануға авторлық шарт бойынша тiкелей берiлмеген құқықтар берiлмедi деп саналады.

5. Шарт жасалған кезде белгiсiз болған туындыны пайдалану құқықтары авторлық шарт мәселесi бола алмайды.

6. Сыйақы туындыны тиiсiнше пайдалану әдiсiне сәйкес түсетiн табыс процентi түрiнде авторлық шартта немесе, егер мұны туындының сипатынан немесе оны пайдалану ерекшелiктерiне байланысты жүзеге асыру мүмкiн болмаса, шартта көрсетiлген сома түрiнде не басқаша түрде белгiленедi.

7. Авторлық шарт бойынша берiлген құқықтар, егер ол тек шартта тiкелей көзделген болса, басқа адамдарға түгелдей немесе iшiнара берiлуi мүмкiн.

8. Осы Заңның 14 және 33-баптарында көзделген жағдайларды қоспағанда, автордың болашақта жасайтын туындыларын пайдалану құқықтары авторлық шарт мәселесi бола алмайды.

9. Автордың болашақта белгiлi бiр тақырыпта немесе белгiлi бiр салада туынды жасауына шек қоятын авторлық шарт ережесi маңызсыз болып табылады.

10. Осы Заң ережелерiне қайшы келетiн авторлық шарт ережелерi маңызсыз болып табылады.

11. Авторлық шарт жазбаша түрде жасалуға тиiс. Туындыны мерзiмдi баспасөзде пайдалану туралы авторлық шарт ауызша түрде жасалуы мүмкiн.

12. Электрондық нысанда жасалған туындылардың, соның iшiнде ЭЕМ-ге және деректер базасына арналған бағдарламаның даналарын сату кезiнде, сондай-ақ көпшiлiк пайдаланушыларға оны пайдалануға рұқсат беру кезiнде оларға Қазақстан Республикасының заңдарында белгiленген өзге де шарт нысандары мен оларды жасасу тәртiбiн қолдануға болады.

13. Авторлық шартта көрсетiлген мiндеттердi орындамаған немесе тиiсiнше орындамаған тарап екiншi тарапқа келтiрiлген залалды, соның iшiнде алынбаған пайдасын өтеуге мiндеттi.

33-бап. Тапсырыстың авторлық шарты

1. Тапсырыстың авторлық шарты бойынша автор шарт ережелерiне сәйкес туынды жасап, оны тапсырысшыға беруге мiндеттенедi.

Тапсырыстың авторлық шартында туынды тапсырыс берушіге берілуге тиіс мерзім, сондай-ақ туындыны пайдалануға мүліктік құқықтарды беру көзделуге тиіс.

2. Тапсырыс берушi шартта келiсiлген сыйақы есебiнен авторға аванс төлеуге мiндеттi. Аванстың мөлшерi, төлеу тәртiбi мен мерзiмi тараптардың келiсуiмен шартта белгiленедi.

3. Тапсырыс шартының ережелерiне тапсырыс туындысын табыс етпеген автор тапсырыс берушiге келтiрген нақты зиянды өтеуге мiндеттi.

3-ТАРАУ. САБАҚТАС ҚҰҚЫҚТАР

[edit]

34-бап. Сабақтас құқықтардың объектiлерi

Сабақтас құқықтар қойылымдарға, орындаушылықтарға, фонограммаларға, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдарының хабарларына олардың мақсатына, мазмұны мен сапасына, сондай-ақ жеткiзiлу әдiсi мен нысанына қарамастан қолданылады.

35-бап. Сабақтас құқықтардың субъектiлерi

1. Орындаушылар, фонограмма жасаушылар, эфирлiк және кабельдiк хабар тарату ұйымдары сабақтас құқықтардың субъектiлерi болып табылады.

2. Фонограмма жасаушы, эфир және кәбіл бойынша хабар таратушы ұйымдар осы тарауда көзделген құқықтарын орындаушымен және фонограммаға жазылған не эфирде немесе кабель бойынша берiлетiн туындыны орындаушымен, сондай-ақ оның авторымен жасалған шарт бойынша алған құқықтары шегiнде жүзеге асырады.

3. Орындаушы осы тарауда көзделген құқықтарын орындалатын туынды авторларының құқықтарын сақтаған жағдайда жүзеге асырады.

4. Сабақтас құқықтардың пайда болуы және жүзеге асырылуы үшiн қандай да болсын формальдылықты сақтау талап етiлмейдi. Фонограмма шығарушы және (немесе) орындаушы өз құқықтары туралы хабарлау үшiн фонограмманың әр данасында және (немесе) оның әрбiр қорбындата көрсетiлетiн және үш элементтен тұратын сабақтас құқықтарды қорғау белгiсiн пайдалануға құқылы, олар:

1) қоршауға алынған латынша Р әрпi: Р;

2) айрықша сабақтас құқықтар иесiнiң есiмi (атауы);

3) фонограмманың алғаш жарияланған жылы.

5. Егер өзгеше дәлелденбесе, фонограммада және (немесе) оның қорабында есiмi немесе атауы көрсетiлген жеке немесе заңды тұлға фонограмма шығарушы болып танылады.

36-бап. Сабақтас құқықтардың қолданылу аясы

1. Орындаушының құқықтары осы Заңға сәйкес мына жағдайларда, егер:

1) орындаушы Қазақстан Республикасының азаматы болса;

2) орындаушылық, қойылым алғаш рет Қазақстан Республикасының аумағында жүзеге асырылса;

3) орындаушылық, қойылым осы баптың 2-тармағының ережелерiне сәйкес қорғалатын фонограммаға жазылса;

4) фонограммаға жазылмаған орындаушылық, қойылым осы баптың 3-тармағының ережелерiне сәйкес қорғалатын эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымының хабарына енгiзiлген болса, танылады.

2. Фонограмманы жасаушының құқықтары осы Заңға сәйкес мына жағдайларда, егер:

1) фонограмма жасаушы Қазақстан Республикасының азаматы немесе Қазақстан Республикасының аумағында ресми тұрғылықты жерi бар заңды тұлға болса;

2) фонограмма тұңғыш рет Қазақстан Республикасының аумағында жарық көрсе, танылады. Егер фонограмма Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде жарияланған күннен кейiн отыз күн iшiнде Қазақстан Республикасының аумағында жарияланса, ол да Қазақстан Республикасының аумағында алғаш рет жарияланды деп саналады.

3. Эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымының құқықтары осы Заңға сәйкес, егер ұйымының Қазақстан Республикасының аумағында ресми тұрғылықты жерi бар болса және хабарларын Қазақстан Республикасының аумағында орналасқан хабар таратқыштар көмегiмен жүзеге асырса, танылады.

4. Шетелдiк жеке және заңды тұлғалардың сабақтас құқықтары, егер тиiстi орындаушылық, фонограмма, эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымының хабары Қазақстан Республикасы бекiткен тиiстi халықаралық шарттың ережелерi бойынша айқындалатын олардың шыққан елiнде, сабақтас құқықтардың сол елде белгiленген қолданылу мерзiмiнiң өтуi салдарынан қоғам игiлiгіне айналмаған болса және сабақтас құқықтардың қолданылу мерзiмiнiң өтуiне байланысты Қазақстан Республикасында қоғам игiлiгiне айналмаған болса, Қазақстан Республикасының аумағында Қазақстан Республикасы бекiткен халықаралық шарттарға сәйкес танылады.

37-бап. Орындаушының құқықтары

1. Осы Заңда көзделген реттердi қоспағанда, орындаушыға мынадай мүлiктiк емес жеке және мүлiктiк құқықтар:

1) есiмiнiң құқығы;

2) орындаушылықты немесе қойылымды орындаушының ар-намысына және қадiр-қасиетiне нұқсан келтiре алатын кез келген бұрмалаудан немесе өзге де қолсұғушылықтан қорғалу құқығы (беделiн қорғау құқығы);

3) орындаушылықты немесе қойылымды пайдаланудың әрбiр түрi үшiн сыйақы алу құқығын қоса, кез-келген түрде пайдалану құқығы берiледi.

1-1. Мүлiктiк емес жеке құқықтар орындаушыға оның мүлiктiк құқықтарына қарамастан тиесiлi және орындаушылықты пайдалануға айрықша мүлiктiк құқықтарын берген жағдайда да олар өзiнде сақталып қалады.

2. Орындаушының орындаушылықты немесе қойылымды пайдалануға айрықша құқықтары мынадай iс-әрекеттердi:

1) бұрын жазылмаған орындаушылықты немесе қойылымды жазуды;

2) орындаушылық немесе қойылым жазбасын кез келген нысанда тiкелей немесе жанама қайта шығаруды;

3) орындаушылықтың немесе қойылымның жазбасын пайдаланбай-ақ орындаушылықты немесе қойылымды эфирге берудi, кәбiл арқылы жалпыжұрттың назарына хабарлауды немесе жалпыжұрттың назарына жеткiзудi;

4) осы Заңның 39-бабының 1-тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, орындаушылық немесе қойылым жазбасын эфирге берудi, кәбiл арқылы жалпыжұрттың назарына хабарлауды немесе жалпыжұрттың назарына жеткiзудi;

5) орындаушының қатысуымен орындаушылық немесе қойылым жазылған, коммерциялық мақсатта жарияланған фонограмманы прокатқа (жалға) берудi жүзеге асыруға рұқсат ету немесе тыйым салу құқығын бiлдiредi. Орындаушылықты фонограммаға жазуға шарт жасалған кезде бұл құқық фонограмманы шығарушыға ауысады. Бұл ретте орындаушы мұндай фонограмманың даналарын прокатқа (жалға) бергенi үшiн сыйақы алу құқығын сақтап қалады.

3. Орындаушының осы баптың 2-тармағының 2)-тармақшасында көзделген айрықша құқығы мына жағдайларда:

1) орындаушылықтың немесе қойылымның бастапқы жазбасы орындаушының келiсiмiмен жасалған;

2) орындаушылықты немесе қойылымды көшiрмелеу орындаушылықты немесе қойылымды жазу кезiнде орындаушының келiсiмi алынған мақсатпен жасалған;

3) орындаушылықты немесе қойылымды көшiрмелеу осы Заңның 41-бабының ережелерiне сәйкес жазба жүргiзiлген мақсатта жүзеге асырылған жағдайда қолданылмайды.

4. Осы баптың 2-тармағында аталған рұқсатты орындаушы бередi, ал ұжым болып орындаған кезде пайдаланушымен жазбаша шарт жасау арқылы сондай ұжымның жетекшiсi бередi.

5. Егер орындаушының эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымымен жасасқан шартында көзделсе, орындаушылықты немесе қойылымды кейiннен беруге, мұндай жазбаны беру мен көшiрмелеу үшiн эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымдарының жазып жүзеге асыруға осы баптағы 2-тармақтың 1), 2) және 3)-тармақшаларында аталған рұқсат алу талап етiлмейдi. Бұлайша пайдаланғаны үшiн орындаушыға берiлетiн сыйақы мөлшерi де осы шартта белгiленедi.

6. Орындаушы мен дыбыс-бейнежазу туындысын шығарушы арасында жасалған шарт орындаушының осы баптың 2-тармақтың 1), 2), 3), 4)-тармақшаларында аталған құқықтарды беруiне әкеп соғады. Орындаушының мұндай құқықтарды беруi дыбыс-бейнежазу туындысын пайдаланумен шектеледi және, егер шартта өзгеше көзделмесе, дыбыс-бейнежазу туындысына түсiрiлген дыбыс пен бейненi жеке пайдалану құқықтарын қамтымайды.

7. Орындаушының осы баптың 2-тармағында көзделген айрықша құқықтары шарт бойынша басқа адамдарға берiлуi мүмкiн.

38-бап. Фонограмма жасаушының құқықтары

1. Фонограмма жасаушыға өз фонограммасы жөнiнде, осы Заңда көзделгендердi қоспағанда, фонограмманы пайдаланудың әрбiр түрi үшiн сыйақы алу құқығын қоса, фонограмманы кез-келген нысанда пайдалануға айрықша құқықтар берiледi.

2. Фонограмманы пайдалануға айрықша құқықтар мынадай iс-әрекеттердi:

1) фонограмманы тiкелей немесе жанама түрде кез келген нысанда қайта шығаруды;

2) меншiк құқығын сату немесе өзгеше беру арқылы фонограмманың түпнұсқасы мен даналарын таратуды, оның iшiнде импорттауды;

3) фонограмманы шығарушы немесе оның рұқсаты бойынша жүзеге асырылған оны таратудан кейiн де фонограмманы прокатқа (жалға) берудi;

4) фонограмманы қайта жасауды немесе кез келген тәсiлмен өңдеудi;

5) фонограмманы жалпы жұрттың назарына жеткiзудi жүзеге асыру, жүзеге асыруға рұқсат ету немесе тыйым салу құқығын бiлдiреді.

3. Егер заңды түрде жарияланған фонограмма даналары оларды сату арқылы азаматтық айналымға түсiрiлсе, оларды фонограмма жасаушының келiсiмiнсiз және сыйақы төлемей одан әрi таратуға жол берiледi. Фонограмманың даналарын прокатқа (жалға) беру арқылы тарату құқығы сол даналарды меншiктеу құқығына қарамастан фонограмманы жасаушыға берiледi.

4. Фонограмма жасаушының осы баптың 2-тармағында көзделген айрықша құқықтары шарт бойынша басқа адамдарға берiлуi мүмкiн.

39-бап. Коммерциялық мақсатта жарияланған фонограмманы фонограмма жасаушы мен орындаушының келiсiмiнсiз пайдалану

1. Коммерциялық мақсатта жарияланған фонограмманы жасаушының және осындай фонограммаға орындауы жазылған орындаушының келiсiмiнсiз, бiрақ сыйақы төлей отырып:

1) фонограмманы көпшiлiк алдында орындауға;

2) фонограмманы эфирге беруге;

3) фонограмманы кабель арқылы жалпы жұртшылық назарына жеткiзу үшiн хабарлауға жол берiледi.

2. Осы баптың 1-тармағында көзделген сыйақы жинау, бөлу және төлеу фонограмманы жасаушылар мен орындаушылардың құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардың бiрi (осы Заңның 43-бабы) осы ұйымдар арасындағы келiсiмге сәйкес жүзеге асырады. Егер бұл келiсiмде өзгеше көзделмесе, аталған сыйақы фонограмма жасаушы мен орындаушы арасында тең бөлiнедi.

3. Сыйақы мөлшерiн және оны төлеу жағдайларын, бiр жағынан, фонограмма пайдаланушылар немесе осындай пайдаланушылар бiрлестiктерi (қауымдастықтары) және, екiншi жағынан, фонограмма жасаушылар мен орындаушылар құқықтарын басқарушы ұйымдар арасында жасалған келiсiм бойынша, ал егер тараптар мұндай келiсiмге келе алмаса - уәкiлдiк берiлген орган белгiлейдi. Сыйақы мөлшерi фонограммаларды пайдаланудың әр түрi үшiн белгiленедi.

4. Фонограммаларды пайдаланушылар осы баптың 2-тармағында аталған ұйымға фонограммалардың пайдаланылу мөлшерi туралы дәл мәлiметтер жазылған бағдарламаларды, сондай-ақ сыйақы жинауға және бөлуге қажеттi өзге де мәлiметтер мен құжаттарды табыс етуге тиiс.

40-бап. Эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымының құқықтары

1. Осы Заңда көзделген реттердi қоспағанда, эфирлiк және (немесе) кабельдiк хабар тарату ұйымына оның хабарына қатысты хабарды кез-келген нысанда пайдалануға және, мұндай рұқсат бергенi үшiн сыйақы алу құқығын қоса алғанда, хабарды пайдалануға рұқсат етуге айрықша құқықтар берiледi.

2. Хабарды пайдалануға айрықша құқықтар мынадай iс-әрекеттердi:

1) хабарды эфирге берудi;

2) жалпы жұрт назарына жеткiзу үшiн хабарды кәбiл арқылы хабарлауды немесе хабарды эфирге берудi;

3) хабарды жазып алуды;

4) хабардың жазбасын көшiрмелеудi;

5) жалпы жұрт назарына жеткізу үшін хабарды ақы төлеп кіретін жерлерде хабарлауды;

6) хабарды жалпы жұрт назарына жеткізуді жүзеге асыру, мұндай iс-әрекеттердi жүзеге асыруға рұқсат ету немесе тыйым салу құқықтарын бiлдiреді.

3. Осы баптың 2-тармағының 4)-тармақшасында көзделген эфирлiк және (немесе) кабельдiк хабар тарату ұйымының айрықша құқығы мына жағдайларда:

1) хабар эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымының келiсiмiмен жазып алынғанда;

2) осы Заңның 41-бабындағы ережелерге сәйкес хабарды көшiрмелеу ол жазылған мақсатта жүзеге асырылғанда қолданылмайды.

40-1-бап. Айрықша құқықтар беру. Лицензиялық шарт

1. Осы Заңның 37, 38, 40-баптарында аталған айрықша құқықтарға толық немесе iшiнара жол берiлуi мүмкiн, сондай-ақ олар айрықша немесе айрықша емес құқықтарды беру туралы лицензиялық шарт бойынша пайдалану үшiн берiлуi мүмкiн. Мұндай шартқа осы Заңның 32-бабында белгiленген талаптар қолданылады.

2. Алып тасталды

40-2-бап. Орындаушыларға және фонограмма шығарушыларға берiлетiн сыйақының ең төмен ставкалары

Орындауларды немесе фонограммаларды пайдалану сипатына (жұртшылық алдында, оның iшiнде радиода және теледидарда орындауға, туындыны механикалық магниттiк немесе өзге де жазба арқылы қайта шығаруға, көшiрмелеуге, автордың және фонограмма шығарушының келісімінсіз жеке мақсатта қайта шығаруға және басқа да жағдайларға) байланысты мүлiктiк (айрықша) құқықтарды жеке тәртiппен iс жүзiнде жүзеге асыру мүмкiн болмаған жағдайда, Қазақстан Республикасының Үкiметi орындаушылар мен фонограмма шығарушыларға сыйақының ең төмен ставкаларын белгiлейді.

Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым пайдаланушылармен шарттар жасасқан кезде фонограммаларды орындаушылар мен шығарушыларға сыйақы мөлшерлемелерінің мөлшерін Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген сыйақының ең төменгі мөлшерлемелерінен төмен етіп белгілеуге құқылы емес.

41-бап. Орындаушының, фонограмма жасаушының, эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымының құқықтарын шектеу

1. Орындаушылықты, қойылымды, эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымдарының хабарларын және олардың жазбаларын орындаушының, фонограмма жасаушының, эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымының келiсiмiнсiз және сыйақы төлемей пайдалануға, сондай-ақ фонограмманы көшiрмелеуге:

1) орындаушылықтан, қойылымнан, фонограммадан, эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымының хабарларынан шағын үзiндiлердi ағымдағы оқиғалар туралы шолуға қосу үшiн;

2) тек қана оқыту немесе ғылыми зерттеу мақсаттарында;

3) дәйектеме ақпараттық мақсатта жүзеге асырылатын жағдайда, орындаушылықтан, қойылымнан, фонограммадан, эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымының хабарынан шағын үзiндiлер түрiнде дәйектеме келтiруге жол берiледi. Бұл ретте, эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымының коммерциялық мақсатта жарияланған фонограмма даналарын эфирге беру, жалпы жұрттың назарына кәбiл арқылы хабарлау үшiн немесе жалпыжұрттың назарына жеткiзу үшiн пайдалануының қандайы болса да осы Заңның 39-бабындағы ережелердi сақтаған жағдайда ғана мүмкiн болады;

4) осы Заңның 18-26-баптарының ережелерiнде белгiленген ғылым, әдебиет және өнер туындылары авторының мүлiктiк құқықтарын шектеуге қатысты өзге де жағдайларда жол берiледi.

2. Осы Заңның 37-40-баптарының ережелерiнен тыс орындаушының, фонограмма жасаушының, эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымының келiсiмiнсiз хабарлар мен эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымының хабарларын және олардың жазбаларын таратуға, сондай-ақ фонограмманы тек қана жеке мақсат үшiн қайта шығаруға жол берiледi. Осы Заңның 26-бабына сәйкес сыйақы төленген жағдайда фонограмманы көшiрмелеуге жол берiледi.

3. Егер қысқа мерзiмге пайдаланылатын жазба немесе көшiрме эфирге хабар тарату ұйымының өз жабдықтары көмегiмен және өзiнiң жеке хабары үшiн жүзеге асырылса, орындаушының, фонограмма жасаушының және эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымының орындаушылықты, қойылымды немесе хабарларды қысқа мерзiмге пайдалануға жазып алуды жүзеге асыруға, мұндай жазбаларды көшiрмелеуге және коммерциялық мақсатта жарияланған фонограммаларды көшiрмелеуге рұқсат алуына қатысты осы Заңның 37, 38, 40-баптарындағы ережелер мынадай жағдайларда:

1) эфирге хабар тарату ұйымы осы тармақ ережелерiне сәйкес қысқа мерзiмде пайдалануға жасалатын жазбаны немесе сондай жазбаның фонограммасын көшiрмелеудi жүзеге асыруға қатысты қойылымның өзiн, орындаушылықты немесе хабарды эфирге беруге алдын-ала рұқсат алғанда;

2) эфирге хабар тарату ұйымы осы Заңның 25-бабының ережелерiне сәйкес ғылым, әдебиет және өнер туындыларының қысқа мерзiмге пайдалануға жасайтын жазбасына қатысты белгiленетiн мерзiм iшiнде, оның тек құжаттық сипатының негiзiнде ресми мұрағаттарда сақталуы мүмкiн жазбасын қоспағанда, оны жойғанда қолданылмайды.

4. Осы бапта көзделген шектеулер фонограмманы, орындаушылықты, қойылымды, эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымының хабарын және олардың жазбаларын, сондай-ақ соларға енгiзiлген ғылым, әдебиет және өнер туындыларын қалыпты пайдалануға зиянын тигiзбей, сондай-ақ орындаушының, фонограмма жасаушының, эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымының және аталған туындылар авторларының заңды мүдделерiне нұқсан келтiрмей қолданылады.

42-бап. Сабақтас құқықтардың қолданылу мерзiмi

1. Осы тарауда көзделген орындаушыға қатысты құқықтар алғашқы орындалудан немесе қойылымнан кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды. Осы Заңның 37-бабында белгiленген орындаушының есiмiн, орындаушылықты немесе қойылымды кез-келген бұрмалаудан немесе орындаушының ар-намысына және қадiр-қасиетiне нұқсан келтiруi мүмкiн өзге де қол сұғушылықтан қорғау құқықтарының қорғалуына шек қойылмайды.

2. Осы тарауда көзделген фонограмманы жасаушыға қатысты құқықтар фонограмма алғаш жарияланғаннан кейiнгi жетпiс жыл бойына, егер осы мерзiм iшiнде фонограмма жарияланбаған болса, ол алғаш жазылып алынғаннан кейiнгi елу жыл бойы күшiн сақтайды.

3. Осы тарауда көзделген эфирде хабар тарату ұйымына қатысты құқықтар мұндай ұйым эфирде алғашқы хабар таратуды жүзеге асырғаннан кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды.

4. Осы тарауда көзделген кабельдiк хабар тарату ұйымына қатысты құқықтар мұндай ұйым кабель арқылы жалпы жұрттың назарына арналған алғашқы хабарлауды жүзеге асырғаннан кейiн жетпiс жыл бойы күшiн сақтайды.

5. Заңды түрде жария болған немесе жасалған кезiнен бастап, егер олар жарияланбаған болса, осы Заң күшiне енген күннен бастап жетпіс жыл мерзiм өтпеген радио және телехабарлар (эфирге хабар тарату) қалған мерзiмде сабақтас құқықтар объектiсi ретiнде қорғалады.

6. Осы баптың 1, 2, 3, 4-тармақтарында көзделген мерзiмдердi есептеу оның басталуына негiз болатын заңды жәйт орын алған жылдан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан басталады.

7. Егер орындаушы қуғын-сүргiнге ұшырап, қайтыс болғаннан кейiн ақталған жағдайда, осы бапта көзделген құқықтарды қорғау мерзiмi ол ақталған жылдан кейiнгi жылдың бiрiншi қаңтарынан бастап күшiне енедi.

8. Осы баптың 1, 2, 3, 4-тармақтарында аталған орындаушылықты, қойылымды, фонограмманы, эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымдарының хабарларын пайдалануға рұқсат ету және мерзiмдердiң қалған бөлiгi шегiнде сыйақы алу құқығы орындаушының, фонограмма жасаушының, эфирлiк немесе кабельдiк хабар тарату ұйымының мұрагерлерiне (заңды тұлғаларға қатысты - құқық мұрагерлерiне) ауысады.

9. Орындаушылыққа, қойылымға, фонограммаға, эфирлiк немесе кәбiлдiк хабар тарату ұйымдарының хабарына сабақтас құқықтардың қолданылу мерзiмiнiң өтуi олардың қоғам игiлiгiне айналғанын бiлдiредi.

Қоғам игiлiгiне айналған сабақтас құқықтар объектiлерiне қатысты осы Заңның 34-42-баптарының ережелерi ескерiле отырып, осы Заңның 29-бабының ережелерi қолданылады.

4-ТАРАУ. МҮЛIКТIК ҚҰҚЫҚТАРДЫ ҰЖЫМДЫҚ БАСҚАРУ

[edit]

43-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық басқарудың мақсаттары және саласы

1. Ғылым, әдебиет және өнер туындыларының авторлары, орындаушылар, фонограмма шығарушылар немесе өзге де авторлық және сабақтас құқықтар иелері өздерінің мүліктік құқықтарын іс жүзінде жүзеге асыру мақсатында мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар құруға құқылы.

2. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымның коммерциялық қызметпен айналысуға, сондай-ақ ұжымдық негізде басқару үшін алған туындыларды және сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануды жүзеге асыруға құқығы жоқ.

3. Әртүрлі құқықтар мен құқық иелерінің түрлі санаттары бойынша жекелеген ұйымдар, не құқық иелерінің бір санатының мүдделеріне сай түрлі құқықтарды басқаратын ұйымдар, не құқық иелерінің түрлі санаттарының мүдделеріне сай құқықтардың бір түрін басқаратын ұйымдар құруға жол беріледі. Мұндай ұйымдарды тікелей авторлық және сабақтас құқықтар иелері құрады және ұйымдар солардан алған өкілеттіктер шегінде жарғы негізінде әрекет етеді.

Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдар, атап айтқанда, ұжымдық басқарудың мынадай салаларында:

1) көпшілік алдында орындалуына, жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе эфирде беру, оның ішінде ретрансляциялау арқылы хабарлауға қатысты жарияланған (мәтіні бар немесе мәтіні жоқ) музыкалық туындыларға және музыкалық-драмалық туындылардың үзінділеріне айрықша құқықтарды басқару;

2) дыбыстау-бейнелеу туындыларында пайдаланылған (мәтіні бар немесе мәтіні жоқ) музыкалық туындылардың авторлары болып табылатын композиторлардың осындай дыбыстау-бейнелеу туындыларын көпшілік алдында орындау немесе жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе эфирде беру үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;

3) бейнелеу өнерінің туындыларына қатысты қадағалау құқығын басқару;

4) авторлардың, орындаушылардың, фонограммалар және дыбыстау-бейнелеу туындыларын шығарушылардың фонограммаларды және дыбыстау-бейнелеу туындыларын жеке мақсатта әрі табыс алмастан қайта шығару үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;

5) орындаушылардың коммерциялық мақсатта жарияланған фонограммаларды көпшілік алдында орындау, сондай-ақ жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе эфирде беру үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;

6) фонограмма шығарушылардың коммерциялық мақсатта жарияланған фонограммаларды көпшілік алдында орындау, сондай-ақ жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе эфирде беру үшін сыйақы алуға құқықтарын жүзеге асыру;

7) жарияланған туындыларды көшіруге (репрографиялық қайта шығаруға) құқықтарды басқару;

8) эфирлік және кәбілдік хабар тарату ұйымының көпшiлiк алдында орындау үшін, сондай-ақ жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлау немесе коммерциялық мақсаттарда жарияланған өз хабарларын эфирде беру үшiн сыйақы алу құқықтарын жүзеге асыру салаларында құрылуы мүмкiн.

4. Осы Заңның 46-1-бабының 2-тармағының ережелері ескеріле отырып, мүліктік құқықтарды ұжымдық басқаруға өкілеттікті тікелей авторлық және сабақтас құқықтар иелері жазбаша шарттардың негізінде ерікті түрде, сондай-ақ осындай құқықтарды басқаратын шетелдік ұйымдармен жасалған тиісті шарттар бойынша береді.

Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын бірнеше ұйымға мүліктік құқықтарды ұжымдық басқаруға өкілеттіктер берілген жағдайда, берілген өкілеттіктер көлемі және (немесе) аумағы және (немесе) басқару салалары бойынша ерекшеленуге тиіс.

5. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың жарғылары осы Заңның талаптарына сай келетін ережелерден тұруға тиіс. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымды тіркеуден бас тартуға осы Заңның, сондай-ақ коммерциялық емес ұйымдарды тіркеу тәртібін белгілейтін заңнаманың талаптары бұзылған жағдайда жол беріледі.

6. Аталған ұйымның қызметіне басшылықты мүліктік құқықтары басқарылатын авторлық және сабақтас құқықтар иелері жүзеге асырады. Сыйақының мөлшеріне және пайдаланушылармен лицензиялық шарт жасасу ережесіне, жиналған сыйақыны бөлу және төлеу тәсіліне және мұндай ұйым қызметінің өзге де принципті мәселелеріне қатысты шешімдер қабылдауды тек қана авторлық және сабақтас құқықтар иелері жалпы жиналыста алқалы түрде жүзеге асырады.

44-бап. Мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардың қызметi

1. Кез келген автор, оның мұрагерi немесе осы Заңның 2 және 3-тарауларына сәйкес қорғалатын авторлық және сабақтас құқықтардың өзге де иесi өздерiнiң мүлiктiк құқықтарын мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйымға беруге құқылы, ал ұйым, егер құқықтардың мұндай санатын басқару осы ұйымның жарғылық қызметiне жататын болса, бұл құқықтарды ұжымдық негiзде жүзеге асыруды өз мойнына алуға мiндеттi. Аталған ұйымдардың ұжымдық негiзде басқару үшiн алынған туындыларды және сабақтас құқықтардың объектiлерiн пайдалануға құқығы жоқ.

2. Осы Заңның 43-бабының 3-тармағына сәйкес алынған өкiлеттiктер негiзiнде мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйым туындыларды және сабақтас құқықтар объектiлерiн пайдаланудың тиiстi тәсiлдерiне пайдаланушылармен лицензиялық шарттар жасасады. Мұндай лицензиялық шарттардың талаптары бiр санаттағы барлық пайдаланушыларға бiрдей болуға тиiс. Аталған ұйымдардың пайдаланушыға лицензиялық шарт жасасудан жеткiлiктi негiздерсiз бас тартуға құқығы жоқ.

2-1. Пайдаланушылар мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымға авторлық және сабақтас құқықтар объектілерін пайдалану туралы есепті, сондай-ақ сыйақыны жинау және бөлу үшін қажетті өзге де мәліметтер мен құжаттарды жазбаша түрде не электрондық құжат нысанында ұсынуға міндетті, олардың тізбесі мен ұсынылу мерзімдері лицензиялық шартта айқындалады.

3. Алып тасталды

4. Авторлық және сабақтас құқықтар иелерiнiң туындылар мен сабақтас құқықтардың объектiлерiн осындай лицензиялық шарттар бойынша пайдалану мен байланысты пайдаланушыларға қоятын барлық ықтимал мүлiктiк талаптарын лицензиялық шарттар жасасқан ұйым реттеуге тиiс.

5. Мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйым жиналған сыйақыны бөлу және төлеу үшін шаралар қолдануға міндетті.

Жиналған сыйақыны пайдаланушылардың авторлық және сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануы туралы есептерінің ұсынылмауына байланысты бөлу және сәйкестендіру мүмкін болмаған жағдайда, мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым мұндай бөлінбеген сыйақыны сақтауға, ал ұйым шотына келіп түскен күнінен бастап үш жыл өткеннен кейін оны авторлық және сабақтас құқықтарды иеленушілердің жалпы жиналысында айқындалатын тәртіппен бөлінетін сомаларға қосуға міндетті.

Авторлық және сабақтас құқықтардың нақты иеленушілеріне бөлінген және олардың есебіне жазылған жиналған сыйақы сомалары мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымның шотында сақталуға және ұйымның шотында мұндай сомалардың сақталу мерзіміне қарамастан, тиісті авторға және (немесе) құқық иеленушіге мұндай тұлғалардың табылуына немесе өтініш білдіруіне қарай төленуге тиіс.

45-бап. Мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардың атқаратын қызметтерi

Мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйым өзi өкiлi болып табылатын авторлық және сабақтас құқықтар иелерiнiң атынан әрi олардан алынған өкiлеттiк негiзiнде мынадай қызметтердi атқаруға:

1) мұндай ұйым басқарып отырған құқықтарды пайдалануға пайдаланушылармен жазбаша түрде не электрондық құжат нысанында лицензиялық шарттар жасасуға;

2) сыйақы мөлшерiн және лицензиялық шарттар жасалған басқа да жағдайларды пайдаланушылармен келiсуге;

3) бұл ұйым лицензиялық шартын жасаспай, осындай сыйақы жинаумен шұғылданатын жағдайларда сыйақы мөлшерiн пайдаланушылармен келiсуге (осы Заңның 26-бабы және 39-бабының 2, 3-тармақтары);

4) "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 166-бабы 1-тармағының талаптарын сақтай отырып, лицензиялық шартта көзделген сыйақыны және (немесе) осы баптың 3) тармақшасында көзделген сыйақыны жинауға;

5) осы баптың 4) тармақшасына сәйкес жиналған сыйақыны өзi өкiлi болып табылатын авторлық және сабақтас құқықтар иелерiне бөлуге және төлеуге;

6) осындай ұйым басқаратын құқықтарды қорғауға қажеттi кез-келген заңды әрекеттердi жасауға тиiс.

46-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдардың міндеттері

1. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымның қызметі мұндай ұйым өкілі болатын авторлық және сабақтас құқықтар иелерінің мүддесіне сай жүзеге асырылады. Бұл мақсатта ұйым:

1) авторлық және сабақтас құқықтардың иелеріне сыйақы төлеумен бірге олардың құқықтарын пайдаланғаны туралы, оның ішінде жиналған сыйақы мөлшері туралы және одан ұсталған сомалар туралы мәліметі бар есептерді ұйымның интернет-ресурсындағы жеке кабинет арқылы беріп тұруға;

2) осы Заңның 45-бабы 4) тармақшасының ережелеріне сәйкес жиналған сыйақыны авторлық және сабақтас құқықтардың иелеріне бөлу және төлеу үшін пайдалануға міндетті. Сыйақыны бөлу және төлеу құқық иеленушінің азаматтық белгісі, тұратын елі, санаты және өзге де негіздер бойынша кемсітусіз, әділ жүзеге асырылуға тиіс. Бұл ретте ұйым жиналған сыйақыдан өзінің мұндай сыйақыны жинауға, бөлуге және төлеуге кеткен нақты шығынын өтеуге қажетті соманы, сондай-ақ өзі өкілі болып табылатын авторлық және сабақтас құқықтар иелерінің келісімімен және солардың мүддесіне сай сол ұйым құрған арнайы қорларға жіберілетін соманы ұстап қалуға құқылы. Сыйақыны жинау, бөлу және төлеу бойынша өзінің нақты шығыстарын жабуға арналған, сондай-ақ арнаулы қорларға жіберілетін сомалар жиналған сыйақының жалпы сомасының отыз пайызынан аспауға тиіс;

3) жиналған сыйақы сомасын осы тармақтың 2) тармақшасында көрсетілген сомаларды шегере отырып, туындылардың және сабақтас құқықтар объектілерінің нақты пайдаланылуына қарай барабар бөлуге және қазақстандық авторлық және сабақтас құқықтарды иеленушілерге – тоқсанына кемінде бір рет және осындай құқықтарды басқаратын шетелдік ұйымдарға жылына кемінде бір рет төлеп отыруға міндетті. Бұл ретте ұйым осы ұйым жасасқан лицензиялық шарттарға және сыйақы төлеу туралы шарттарына сәйкес сыйақы алуға құқығы бар құқық иеленушілерді белгілеу бойынша шаралар қолдануға, оның ішінде мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын басқа да ұйымдардан, Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарынан алынған ақпаратты осы мақсат үшін пайдалануға міндетті;

4) құқық иеленушілер туралы, оған басқаруға берілген құқықтар туралы, сондай-ақ авторлық және сабақтас құқықтар объектілері туралы мәліметтер қамтылған тізілімдерді қалыптастыруға міндетті. Заңға сәйкес құқық иеленушінің келісімінсіз жария етуге болмайтын мәліметтерді қоспағанда, мұндай тізілімдерде қамтылған мәліметтер барлық мүдделі тұлғаларға ұсынылады;

5) мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымның қызметі туралы хабар беру мақсатында интернет-ресурс құруға, интернет-ресурстың тәулік бойғы режимде қолжетімділігін, онда орналастырылатын ақпараттың ашықтығын, сондай-ақ осындай ақпараттың өтеусіз негізде берілуін қамтамасыз етуге;

6) авторлық немесе сабақтас құқықтар объектісінің атауын, автордың немесе өзге құқық иеленушінің атын, ал мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйыммен өзара мүдделілік білдіру туралы шарттар бойынша құқықтар берілген жағдайда – осындай ұйымның атауын қоса алғанда, өзіне басқаруға берілген құқықтар, сыйақы мөлшерлемелері туралы ақпаратты интернет-ресурста орналастыруға;

7) ұйым өкілдері туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастыруға;

8) уәкілетті органға жіберілетін есептерді Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында, өзінің интернет-ресурсында жария етуге;

9) пайдаланушының атауын және оның тұрған жерін, сондай-ақ осындай шарттың жасалған күнін қоса алғанда, пайдаланушылармен жасалған шарттар туралы ақпаратты өзінің интернет-ресурсында орналастыруға;

10) Қазақстан Республикасының аумағында мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдармен өзара мүдделілік білдіру туралы шарттар жасасуға;

11) уәкілетті органды жалпы жиналыс өткізілетін күнге дейін он жұмыс күнінен кешіктірмей жалпы жиналыстың өткізілетін уақыты мен орны туралы жазбаша түрде немесе электрондық құжат нысанында хабардар етуге, сондай-ақ оған қолжетімділікті қамтамасыз етуге міндетті.

1-1. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым өзінің бухгалтерлік (қаржылық) есептілігіне аудит жүргізу, сондай-ақ сыйақыны жинауды, бөлуді және төлеуді жүзеге асыру кезінде ақшамен операциялардың жүргізілуін және құжаттамалық ресімделуін, жиналған сыйақыны бөлудің осындай ұйым бекіткен әдістемеде көзделген талаптарға сәйкестігін, арнайы қорлардан жүзеге асырылған нысаналы түсімдер мен төлемдердің есепке алынуын, осындай ұйымның қызметіне қойылатын және осы бапта белгіленген өзге де талаптардың сақталуын тексеру үшін екі жылда кемінде бір рет тәуелсіз аудиторлық ұйымды тартуға міндетті.

Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым аудиторлық қорытындыны және тексеру нәтижелерін тиісті бухгалтерлік (қаржылық) есептілікпен бірге бекітілген (қол қойылған) күннен бастап бір ай мерзімде өзінің интернет-ресурсында жариялауға міндетті, олар құқық иеленушілер үшін бес жыл бойы ашық қолжетімділікте болуға тиіс.

Аудитке және тексерілуге жататын бухгалтерлік (қаржылық) есептілік және осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген өзге де ақпарат құпия сипаттағы мәліметтерді қамтитын ақпаратқа, коммерциялық немесе заңмен қорғалатын өзге де құпияға жатқызылмайды.

Аудит және тексеру жүргізуге арналған шығыстар мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым шығыстарының құрамына енгізіледі.

2. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымға осы Заңның 45-бабының 4) тармақшасында көзделген сыйақы жинауға қатысты өкілеттіктерді бермеген авторлық және сабақтас құқықтар иелері одан жүргізілген бөлуге сәйкес өздеріне тиесілі сыйақыны төлеуді, сондай-ақ осы ұйым пайдаланушыларға беретін рұқсаттардан өзінің туындылары мен сабақтас құқықтар объектілерін шығарып тастауды талап етуге құқылы.

Авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды иеленушіден тиісті хабарламаны алған күннен бастап үш ай өткеннен кейін мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым олар көрсеткен құқықтарды және (немесе) объектілерді барлық пайдаланушылармен жасалған лицензиялық шарттардан алып тастауға және бұл жөніндегі ақпаратты Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын бұқаралық ақпарат құралдарында, өзінің интернет-ресурсында орналастыруға міндетті. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды иеленушіге бұрын жасалған лицензиялық шарттарға сәйкес пайдаланушылардан алынған, оған тиесілі сыйақыны төлеуге және оған есеп беруге міндетті.

Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын, авторлық және сабақтас құқықтардың иелері оның репертуарынан туындылар мен сабақтас құқықтардың объектілерін алып тастаған ұйым осы тармақтың екінші бөлігінде көрсетілген мерзім өткен соң пайдаланушыларға оларды пайдалануға рұқсат беруге құқылы емес.

46-1-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу

1. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым осы Заңның 43-бабының 3-тармағында көзделген ұжымдық басқару салаларындағы қызметті жүзеге асыруға уәкілетті органда аккредиттеу туралы куәлік алуға құқылы.

2. Аккредиттеу осы Заңның 43-бабының 3-тармағында көзделген салалардың әрқайсысы бойынша бөлек жүргізіледі.

Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым осы Заңның 43-бабының 3-тармағында көрсетілген ұжымдық басқарудың бір, екі және одан да көп салаларында қызметті жүзеге асыруға аккредиттеу туралы куәлікті алуы мүмкін. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымды аккредиттеу туралы куәліктің нысанын уәкілетті орган белгілейді.

Аккредиттеу туралы куәлікті алған мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым құқықтарды басқару туралы шарттар жасасқан құқық иеленушілердің құқықтарын басқарумен қатар мұндай шарттар жасаспаған құқық иеленушілер үшін де сыйақы жинауды жүзеге асыруға құқылы.

46-2-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарға аккредиттеу жүргізу тәртібі

1. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу ерікті болып табылады және оны осы Заңға сәйкес мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымның өтініші негізінде уәкілетті орган жүзеге асырады.

2. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымды аккредиттеуді мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды акредиттеу жөніндегі комиссияның қорытындысы негізінде (бұдан әрі - аккредиттеу жөніндегі комиссия) уәкілетті орган жүзеге асырады.

3. Акредиттеу жөніндегі комиссияның құрамын және ол туралы ережені уәкілетті орган бекітеді.

Аккредиттеу жөніндегі комиссияның отырысы өтетін күн туралы ақпаратты уәкілетті орган Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында таратылатын мерзімді баспа басылымдарында және оның интернет-ресурсында аккредиттеу жөніндегі комиссияның отырысы өтетін күнге дейін отыз жұмыс күнінен кешіктірмей орналастырады.

4. Аккредиттеуден өту үшін өтініш беруші уәкілетті органға өтініш жібереді. Өтініш аккредиттеу жөніндегі комиссияның отырысы өтетін күнге дейін он жұмыс күнінен кешіктірілмей жіберілуге тиіс. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым аккредиттеуден өту үшін ұсынатын өтініштің нысанын және құжаттар тізбесін уәкілетті орган белгілейді.

5. Уәкілетті орган өтінішті қабылдайды және өтініштерді тіркеу журналында нөмір беріп әрі қабылдау күнін көрсетіп, олардың есебін жүргізеді.

6. Аккредиттеу жөніндегі комиссия отырысы, егер отырысқа оның мүшелерінің кемінде жартысы қатысса, қорытынды қабылдауға құқылы. Аккредиттеу жөніндегі комиссия қорытындысы отырысқа қатысқан комиссия мүшелерінің басым даусымен қабылданады. Егер дауыстар тең болса, аккредиттеу жөніндегі комиссия төрағасы шешуші дауысқа ие болады.

Аккредиттеу жөніндегі комиссия мүшелерінің сырттай дауыс беруді жүргізу арқылы шешім қабылдауына және өз өкілеттіктерін басқа адамға беруіне жол берілмейді.

7. Аккредиттеу жөнiндегi комиссия отырысының қорытындылары бойынша уәкiлеттi орган отырыс аяқталған күннен кейiн бес жұмыс күнiнен аспайтын мерзiмде аккредиттеу туралы не аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

Аккредиттеу туралы куәлiк өтініш берушіге бес жыл мерзімге беріледi.

Аккредиттеу туралы қорытынды шығарған кезде аккредиттеу жөніндегі комиссия мыналарды:

1) заңды тұлға ретінде тіркелген кезден бастап осы салада қызметін кемінде екі жыл жүзеге асырғанын;

2) жиналған сыйақыны кемінде сегіз рет бөлу және төлеу жөніндегі жұмыс тәжірибесінің болуын;

3) авторлардың және пайдаланушылардың ұйым қызметі туралы оң пікірлерінің болуын;

4) басқа мемлекеттердің мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын осындай ұйымдарымен өзара мүдделілік білдіру туралы қолданыстағы шарттардың болуын;

5) ұйымның осы Заңның 46-бабында көзделген міндеттерді тиісінше орындауын;

6) басқа мемлекеттердің мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарына мүдделерді өзара білдіру туралы қолданыстағы шарттардың негізінде сыйақының тиісті сомаларының аударылғаны туралы растайтын құжаттардың болуын;

7) мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіргені, сондай-ақ қаулыларды, нұсқамаларды және өзге де талаптарды орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тарту фактілерін назарға алуға тиіс.

Уәкiлеттi орган:

1) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген құжаттар ұсынылмаған;

2) ұсынылған құжаттарда қамтылған мәлiметтер толық болмаған;

3) мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіргені, сондай-ақ қаулыларды, нұсқамаларды және өзге де талаптарды орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған;

4) ұйым осы Заңның 46-бабында көзделген міндеттерді орындамаған және (немесе) тиісінше орындамаған жағдайларда аккредиттеуден бас тарту туралы шешiм қабылдайды.

Уәкілетті орган ұйымның осы Заңның 46-бабында көзделген міндеттерді орындамауына және (немесе) тиісінше орындамауына байланысты аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдаған жағдайда, ұйым осы Заңның 43-бабының 3-тармағында белгіленген ұжымдық басқару салаларындағы қызметті жүзеге асыруға уәкілетті органда аккредиттеу туралы куәлікті уәкілетті орган аккредиттеуден бас тарту туралы шешім қабылдаған күннен бастап екі жыл ішінде алуға құқылы емес.

8. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымды аккредиттеуден бас тарту туралы шешімге Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен шағым берілуі мүмкін.

9. Аккредиттелген ұйымдар туралы ақпаратты уәкілетті орган өзінің интернет-ресурсында орналастырады.

10. Қайта тіркелген не қайта ұйымдастырылған жағдайда, аккредиттелген ұйымдар көрсетілген мәліметті растайтын құжаттарды қоса бере отырып, қайта тіркеу не қайта ұйымдастыру туралы уәкілетті органға жазбаша хабарлайды және аккредиттеу туралы куәлікті он жұмыс күні ішінде қайтарады.

Уәкілетті орган өтініш берушінің жазбаша хабарламасын алған сәттен бастап он жұмыс күнінен кешіктірмей аккредиттеу туралы куәлікті береді.

11. Аккредиттеу туралы куәлік жоғалған жағдайда уәкілетті орган мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымның жазбаша өтініші бойынша он жұмыс күні ішінде аккредиттеу туралы куәліктің телнұсқасын береді.

47-бап. Мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардың қызметiн бақылау

1. Авторлардың, орындаушылардың, фонограмма шығарушылардың немесе өзге де авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды иеленушілердің мүлiктiк құқықтарын ұжымдық негiзде басқаратын ұйым жыл сайын есепті жылдан кейінгі жылдың 15 сәуірінен кешіктірмей уәкiлетті органға:

1) мұндай ұйымның жарғысына және өзге де құрылтай құжаттарына енгiзiлген өзгерiстерді;

2) мұндай ұйым осыған ұқсас құқықтарды басқаратын шетелдiк ұйымдармен жасасатын екiжақты және көпжақты келiсiмдердің көшірмелерін;

3) жалпы жиналыстың шешiмдерiнің көшірмелерін;

4) жиналған, бөлінген, бөлінбеген, төленген, төленбеген, талап етiлмеген сыйақылар туралы мәлiметтердi қоса алғанда, жылдық балансты, жылдық есепті;

5) авторлық құқық немесе сабақтас құқықтар объектілерін пайдаланғаны үшін сыйақыны жинау, бөлу және төлеу жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жергілікті жерлердегі филиалдар мен өкілдіктер туралы ақпаратты беруге міндетті.

Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым екі жылда бір реттен сиретпей уәкілетті органға 15 сәуірден кешіктірілмейтін мерзімде аудиторлық есепті де ұсынады.

Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым ұсынатын құжаттарды нотариат куәландырады немесе олар осындай ұйымның мөрімен куәландырылады.

2. Уәкiлетті орган мүлiктiк құқықтарды ұжымдық негiзде басқаратын ұйымдардан ұйым қызметiнiң осы Заңға, Қазақстан Республикасының коммерциялық емес ұйымдар туралы заңнамасына немесе өзге де заңнамаға, сондай-ақ мұндай ұйымның жарғысына сәйкестiгiн тексеру үшiн қажеттi қосымша ақпаратты және құжаттарды талап етуге құқылы.

47-1-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу туралы куәлікті кері қайтарып алу

Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу туралы куәлікті уәкілетті орган:

1) аккредиттеу туралы шешім қабылдауға негіз болған құжаттарда дұрыс емес мәліметтер анықталған;

2) аккредиттелген ұйымның қызметі туралы жыл сайынғы есеп уәкілетті органға белгіленген мерзімде ұсынылмаған;

3) уәкілетті органға аккредиттелген ұйымның қызметі туралы көрінеу жалған мәліметі бар жыл сайынғы есеп ұсынылған;

4) коммерциялық қызметті жүзеге асырған;

5) осы Заңның 46-бабында көзделген міндеттерді орындамаған;

6) авторлық сыйақыны уақтылы төлемеген;

7) жиналған авторлық сыйақыны аудару үшін авторларды, орындаушыларды және фонограмма шығарушыны іздеу жөнінде шаралар қолданбаған;

8) мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының лауазымды адамдарына қызметтік міндеттерін орындауына кедергі келтіргені, сондай-ақ қаулыларды, нұсқамаларды және өзге де талаптарды орындамағаны үшін әкімшілік жауаптылыққа тартылған;

9) авторларға, орындаушыларға және фонограмма шығарушыларға Қазақстан Республикасының Үкіметі белгілеген ең төменгі сыйақы мөлшерлемелерінен төмен сыйақы мөлшерлемелері қолданылған жағдайларда кері қайтарып алуы мүмкін.

47-2-бап. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу туралы куәліктің қолданылуын тоқтату

1. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу туралы куәлік өзінің қолданылуын мынадай жағдайларда:

1) аккредиттеу туралы куәліктің берілген мерзімі біткенде;

2) аккредиттеу туралы куәлікті өз еркімен уәкілетті органға қайтару туралы шешім қабылданғанда;

3) аккредиттеу туралы куәлік қайтарып алынғанда;

4) мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйым таратылғанда тоқтатады.

2. Мүліктік құқықтарды ұжымдық негізде басқаратын ұйымдарды аккредиттеу туралы куәліктің қолданылуы тоқтатылған кезде куәлік осы баптың 1-тармағында көрсетілген жағдайлар басталған күннен бастап бір ай мерзім ішінде уәкілетті органға қайтарылады.

5-ТАРАУ. АВТОРЛЫҚ ЖӘНЕ САБАҚТАС ҚҰҚЫҚТАРДЫ ҚОРҒАУ

[edit]

48-бап. Авторлық және сабақтас құқықтардың бұзылуы

1. Осы Заңда көзделген авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды бұзғаны үшiн Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес жауаптылық туындайды.

2. Туындыларға немесе сабақтас құқықтар объектілеріне қатысты:

1) автордың немесе өзге де құқық иеленушінің рұқсатынсыз туындыларды немесе сабақтас құқықтар объектілерін пайдалануға авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық құралдарын қолдану арқылы белгіленген шектеулерді алып тастауға бағытталған іс-әрекеттерді жүзеге асыруға;

2) егер мұндай іс-әрекеттер нәтижесінде авторлық құқықты және сабақтас құқықтарды қорғаудың техникалық құралдарын пайдалану мүмкін болмаған не осы техникалық құралдар аталған құқықтардың тиісті қорғалуын қамтамасыз ете алмаған жағдайларда кез келген құрылғыны немесе оның компоненттерін дайындауға, таратуға, прокатқа беруге, уақытша пайдалануға беруге, импорттауға, жарнамалауға, оларды пайда табу мақсатында пайдалануға не қызмет көрсетуге;

3) автордың немесе өзге де құқық иеленушінің рұқсатынсыз авторлық құқықтарды басқару туралы ақпаратты жоюға немесе өзгертуге;

4) автордың немесе өзге де құқық иеленушінің рұқсатынсыз мүліктік құқықтарды басқару туралы ақпараты жойылған немесе өзгертілген туындыларға немесе сабақтас құқықтар объектілеріне қатысты оларды қайта шығаруға, таратуға, тарату мақсатында импорттауға, көпшілік алдында орындауға, жалпы жұрттың назарына кәбіл бойынша хабарлауға немесе эфирде беруге, жалпы жұрттың назарына жеткізуге жол берілмейді.

48-1-бап. Авторлық құқық және сабақтас құқықтар объектiлерiн пайдаланатын жеке және заңды тұлғалардың қызметiне бақылау жасау

(Алып тасталды)

49-бап. Авторлық және сабақтас құқықтарды қорғау

1. Авторлық және сабақтас құқықтарды қорғауды сот:

1) құқықтарды тану;

2) құқық бұзылғанға дейiнгi жағдайды қалпына келтiру;

3) құқықты бұзатын немесе оның бұзылуына қауiп төндiретiн әрекеттердi тыю;

4) айырылып қалған пайданы қоса алғанда, шығындардың орнын толтыру;

5) құқық бұзушы авторлық және (немесе) сабақтас құқықтарды бұзу салдарынан тапқан табысты өндiрiп алу;

6) соттың қарап шешуі бойынша айқындалатын бір жүз айлық есептік көрсеткіштен он бес мың айлық есептік көрсеткішке дейінгі сомада немесе туынды даналары құнының екі еселенген мөлшерінде немесе салыстырмалы мән-жайлар кезінде әдетте туындыны құқыққа сыйымды түрде пайдаланғаны үшін алынатын бағаға негізделе отырып айқындалатын, туындыны пайдалану құқығы құнының екі еселенген мөлшерінде өтемақы төлеу арқылы жүзеге асырылады. Залалды өтеудің немесе кірісті өндiрiп алудың орнына өтемақы мөлшерiн сот айқындайды;

7) олардың құқықтарын қорғауға байланысты заң актiлерiнде көзделген өзге де шаралар қолдану арқылы жүзеге асырады.

Осы тармақтың 4), 5) және 6) тармақшаларында көрсетілген шаралар құқық иеленушінің таңдауы бойынша қолданылады.

1-1. Алып тасталды

2. Iс қаралғанға дейiн судья авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерінің контрафактiлiк деп жорамалданған даналарын жауапкердiң дайындауына, көшiрмелеуiне, сатуына, пайдалануына тыйым салу туралы жеке-дара ұйғарым шығаруға құқылы. Судья авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерінің контрафактiлiк деп жорамалданған даналарын, сондай-ақ оларды дайындау мен көшiрмелеуге арналған материалдар мен жабдықтарды пайдалануға тыйым салу және алып қою туралы ұйғарым шығаруға да құқылы.

3. Сот авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерінің контрафактiлiк даналарын, сондай-ақ оларды көшiрмелеуге пайдаланылатын материалдар мен жабдықтарды тәркiлеу туралы шешiм шығаруға құқылы. Авторлық құқық және (немесе) сабақтас құқықтар объектілерінің контрафактiлiк даналары оның талап етуi бойынша авторлық немесе сабақтас құқықтардың иесiне берiлуi мүмкiн не соттың шешiмi бойынша жойылуға тиiс.

Оларды көшiрмелеуге пайдаланылған материалдар мен жабдықтар соттың шешiмi бойынша жойылуға не мемлекет кiрiсiне берiлуге тиiс.

Қазақстан Республикасының

Президентi


Public domain in U.S.
Public domain in U.S.
This work is in the public domain in the U.S. because it is an edict of a government, local or foreign. See § 313.6(C)(2) of the Compendium of U.S. Copyright Office Practices, 3rd ed. 2014 (Compendium (Third)) . Such documents include "legislative enactments, judicial decisions, administrative rulings, public ordinances, or similar types of official legal materials."

These do not include works first published by the United Nations or any of its specialized agencies, or by the Organization of American States. See Compendium (Third) § 313.6(C)(2) and 17 U.S.C. § 104(b)(5).


A non-American governmental edict may still be copyrighted outside the U.S. Similarly, the above U.S. Copyright Office Practice does not prevent U.S. states or localities from holding copyright abroad, depending on foreign copyright laws and regulations.

English | español | français | italiano | 日本語 | +/−